«Бар қазақтың Жұбаны»
Тілес Жазықбай
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Жүрегін жырға бөлеп, көргені туған жер, үміті – өлең, мақсаты, мұраты – Отан деп өткен Жұбан ақын 90 жасқа толып отыр. Жоқшылық көрген бала, соғыс көрген ер, жыр әлемін нұр әлемге айналдырған ақын, құйтырқы қоғам құбылыстарына қарсы тұрған қайраткер бүгінде арамызда жоқ. Балдаурен балалықтың тәтті шақтарында қайғысы – қаспақ, арманы бүтін киім болған бала Жұбанның дана Жұбанға айналуы оның өлеңдерімен дәлелденсе керек.
Елдікті жалау етіп жүре алатын,
Жалауын көріп жандар жұбанатын.
Тағдырдың бізге берген жалғызындай,
Жоқ бүгін арамызда Жұбан ақын, -
деуім де сондықтан. Біз ақынды осылай жоқтасақ, оның өлең өлкесіндегі қайталанбас қолтаңбасын мәңгілік үлгі тұтқан соң жоқтаймыз. Дәлелдеусіз, азаматтық тұлғасынан барша халық көлеңке тапқан соң жоқтаймыз. Кезінде құрсанған ызғарлы биліктен күдер үзген соң жоқтадық. Желтоқсан күндерінде Жұбан жүрегінен ел жұбаныш тапқан соң жоқтадық. Жоқтай да бермекпіз. Әйтеуір аты аңызға айналған адам - қатардағы ақын болып қалмады. Бұл өзі айтыла беретін ақиқат, енді бір жүз жылда аңызға да айналар. Сөйтіп, ел махаббатына бөлену екі адамның бірінің маңдайына жазылар бақ емес. Сөйтіп, ел еншісіне бөленген ақын -90 жаста.
Мен осы дүниені жазарда Жұбан туралы бұрынғы естеліктерді, пікірлерді қараудан бас тарттым. Себебі, Сәбит Мұқанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов сияқты саңылақ қаламгерлердің ізіне түсіп кетуден қорықтым. Өз білімім мен дәлелдеулеріме сүйендім. Меніңше Жұбан ақын «Мен қазақпын» дастанына бірден келген жоқ. Туған жерге деген махаббат, ұлтына деген ұлы көзқарас бала кезден бастау алған. Шетсіз – шексіз қазақ жерінің иесіне мәңгілік берілуі, оның ғажайып кең ой өлшеміне өкшелес болғаны анық. Меніңше, ұлтжандылықты «ұлтшыл» деп бағалау соңғы бірер ғасырдың жемісі емес, бүкіл адамзат тудырған абыройсыз ұғым. Биліктегілердің ауызданған адами әлемі. Одан ешкім қашпайды, ол өң болып көрінуден қалған. Демек, ұлтын сүйген адамды «ұлтшыл» деп бағалау қай ғасырда да үстемдік құрған. Сонымен, Жұбан ұлтжанды ұлылығын ертерек байқатқан.
Елі бар бақ жұлдызы жанып тұрған,
Жері бар жаралғандай жарық нұрдан.
Ер халқым көтерілші өн бойыңа,
Ғаламды таңырқатсын алып тұлғаң.
Ел болдың, еріктісің, күшің өктем,
Күзің – жаз гүл – жазира қысың көктем.
«Қазақтың ұлымын»деп Европада,
Мен сені көкірегіме қысып өткем, -дейді.
Бұл өлең 1945 жылы жазылған. Сталиндік ұлы ілімдердің лениншіл жолы жарқырап жатқан тұста «қазақтың ұлымын» деп көкірек керуі астамшылықтың асқаны деп айтпасқа болмайды. Нағыз ұлтын сүйген адам осылай демегенде не деуі мүмкін! Сөйтіп, ақын астам сөйлей отырып ақыретте де айтқанынан қайтпайтындығын аңғартады.
Ұлтын сүю ұлылықтын белгісі. Бұл да Жұбан жырында. Туған жердің түп қазығы да Жұбан жырында. Кіндік қаны тамған жерін жырға қосу қай – қай ақынның да ар алдындағы азаматтық борышы болар. Бұл борышты кім қалай түсінеді? Кім қалай бағалайды? Ақынның жыр жинағына үңіліп қарасақ 22 жасында жазған «Туған елге» деген жырында мынадай жолдар бар:
Сен есіме түскенде,
Құшағын анам ашқандай.
Жауыма қарсы өшпенде
Шабамын жаудан жасқанбай, -
деген тіркестер бүгінгі өлшеммен жалаң ұйқас болғанмен, жадағай сөз емес. Туған жерге деген сағыныш сазы елітеді. Жүрегінен сағыныш сәулесі төгіліп, жанарынан құйылған жас жауға қарсы оқ болып шашырайды. Сөзіме сенгілерің келмесе тағы да ақынның жыр – шумақтарына маңдайымды тіреп көрейін:
Туады сол күн біздерге,
Дұшпанды жеңіп келеміз.
Күлімдеп қарап жүзіңе,
Бауырына еркін енеміз,-
дегенді бала да түсінсе керек-ті. Туған жер тылсым өлке оның қысы да, жазы да жадыңда жаңғырып жататыны жаңалық болмасы анық. Демек, Жұбанның да туған жерге қайта – қайта мойын бұра беруі адам өміріндегі қасиетті борышқа адалдық деп мойындағанымыз дұрыс. Борышқа адал болуды жадағай жалаулатпайды, жан – тәніңе емірене ендіре білген. Ал түптеп келгенде туған жердің төсінде қазақ халқың, өз туған Отаның, өлең төсегің жатса керек.
Талқанын жаудың шығарған,
Өжет ері Отанның
Қаһарлы қайсар қаһарман
Момышұлы Бауыржан ол да қазақ баласы,-
сөйтіп, Исатай, Махамбет, Құрманғазы, ақын Сара, Біржан, Мұхит, кешегі күңіренген соғыста өткен Мәлік Ғабдуллин, Төлеу Әбдібеков, қазақтың қос жұлдызы – Әлия мен Мәншүк, Төлеген Тоқтаров, қазақтың тарлан ақыны Тайыр туралы тереңнен ой қозғауы, түптеп келгенде, қазақ халқының рухын асқақтатып адами әлемін әлдилеуді мұрат еткен. Сөйтіп,
Болды-ау деп уақыт аз-ақ тым,
Өкініп кейін аттандым.
Мен де бір қазақтың,
Болғаныма мақтандым,-
Деуі намысшыл, ер кеуделі, Отаншыл қазақтардың аз еместігін аңғартса керек.
Өз ұлтын сүю, оның батырын «батыр» деп айту жасығын және жасырмау өр ақынның алдына қойған мақсатын айқындай түседі. Сөйтіп ол «Мен қазақпын»дастанына дейін-ақ батыр халық қазақты жыр етуден жасқанып көрген жоқ. Жөргегінде танылған талпыныс өз ұлтына деген өлшеусіз махаббат кейін ұлы дастанға айналды. «Қазақ» сөзі аузымызға алатын алғашқы әіптей айқындала түседі.
Жайып салдым сырымды, дос алдына,
От басында, өрісте, қос алдында.
Жан жүрегі көзінен көрінетін
Қазақ,-дедім,- отырған осы алдында,- дегені дәлелді-ақ.
Мейірбан, ақ көңіл, адалдығы аңқылдап тұратын қазақтың пейілін дәл осындай суреткерлік қалыпқа түсіру Жұбанның ғана қолынан келген. Шарт жүгініп шариғатты да мойындап, діндар көрінген қазақ бар ма? Күзде ері, үйде әйелі қазақ деген елдің әдет – ғұрпы осылай дегенді мойындаса да тап бас иіп кетпеген. Бірақ, әдептен аспаған, әліптің артын күткен. Ерін сыйлау, елін сыйлау қазақ әйеліне о бастан – ақ қанына сіңген қалып, дарыған дауа. Күннен көлеңке іздемейтін, түннен түн еді деп қашпайтын, табиғаттың төл баласы да қазақ. Жел сияқты еркіндікті сүйетін, аққу мен бұлбұл, аруана мен арғымақ, ерке елік бәрі-бәрі қазақтың тұрпатын танытса керек. Осындай кең қолтық, ақ пейілінен кейде пайда да таппайды. Осы сөзімді ақынның өз сөзімен дәлелдейін бе?
Шариғаттың шартынан үрке бердім,
Көргенім жоқ өмірге бір керегін.
Еркек болып сәлдені сыйламадым,
Әйел болып бетімді бүркемедім
Жоқ, дін емес, мал жаным, жер кіндігім
Жалайды итше жарамды – дертімді күн.
Күн астында гулеген желді сүйдім
Сүйем оның тәуелсіз еркіндігін.
Аққу,бұлбұл әнімен сылаң қақтым,
Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.
Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,
Бірі сұйқылт, біреуі сұғанақ тым,-
десе, кей жерде
Даяшымын бәйекпін, ең кішімін,
Демесе кім «мен тақсыр,мен күштімін.»
Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ,
Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім,-
солай жалғасып кете береді.
Жұбанның «Мен қазақпын» поэмасы көптеген шет ел тілдеріне аударылды. Олардың да сүйсініп оқитын, туған жерін, халқын мақтан етуден ғажайып туындысы – үлгісіне айналды. Дегенмен де «Мен өзбекпін», «Мен грузинмін» деп шаттанғандары болғанмен де, дәл Жұбандай түпкі мақсаттарын айқындауға келгенде әр текті саясат ұстанды.
Дара – дана суреткерлер әліптің артына қараса керек. Сананы сығымдаған, тіліңді тістеп сөйлейтін заман туды. Әсіресе, аз ұлттардың алмағайып саясаттың құрбандығына шалынуы әп – сәтте – ақ болатын. Ал, Жұбан дастанының астары ешқандай күдік тудырмайтын еді. Осы дастандағы арасында шумақ жоқ мына сегіз тармаққа көз жүгіртіп, ой салып қаралықшы.
Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт,
Россиядай, Лениндей ұлылықтың! –
дей келіп, әп – сәтте айналып түседі.
Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын,ғылымды қаза алатын.
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын, -
деп түпкі мақсатына бір-ақ секіреді. Ғажап! Қалай қызымырлансаң да ілігер ілік таппайсың. Сүрінетін жерге келгенде лып етіп қарғып өтер арғымақтың әккі қимылдары көз алдыңнан өтеді. Ал мұндай сақтықпен айтылған сан шумақтардан санамалап біраз мысалдар келтіруге болады.
Ақын осы «Мен қазақпын» поэмасында қазақы қалпымыздың қазанында қайнаған бүкіл мінез – құлқымыз, әдет – ғұрпымыз, салт – дәстүріміз төңірегінде терең ой тербете білген. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында суреткерлік қалып қара сөзін құдыретіне табындырып әкетсе, осы поэмада жыр ұлтымыздың болмыс – бітімін тағы да жайып салады. Демек, «Абай жолы» мен «Мен қазақпынның» арасында тартылыс күшіндей білінетін бірліктің барлығы аян. Әуезовтей ұлы дарынды тұлғаның Молдағалиевтей жыр тұғыры болуы заңды құбылыс. Сөзіме көптеген дәлелдер келтіруге болады.
Ақынның туған елі туралы толғаныстары үлкен топтама. Ол күллі қазақ әлемімен тұтасып келеді. Баласы бар данасы бар, Жайығы бар жазығы бар, жаңасы бар жасығы бар, қаласы бар даласы бар, аңы бар ағашы бар, бәрі -бәрі бірігіп келгенде – Жұбанның жерұйығы. Осы жерұйықта қазақ деген ұлттың ұланғайыр өніп – өскен ізі, қуаныш – қайғысы жатыр. Сан ғасыр тарихтың көне беттерінде көмескі із сақталса – ол қазақтың ізі. Қобыз сарынының қоңыр үнінде, домбыраның күмбірінде үн сақталса – ол қазақтың үні. Сөйтіп, жер – анада ізі қалған. Күннен жарық, айдан сәуле тараса нұрына алақан тосқан да қазақ. Соның бәрі кейінгі ұрпақ үшін, адам үшін.
Отырғыза кетейік ақ шыбықты,
Терек өссін ақ балтыр, ақ шұлықты.
Біз болмасақ қызығын ұрпақ көрсін,
Қызғанбайық адамнан жақсылықты,-
деп жан сырын жария етеді.
Қатпар – қатпар қалың, жазылмаған тарихтың жыры, еңселі елдіктің естісі, кезіндегі кемдіктің де көрінісі болған – қазақ. Қазағы – қазынасы, қазағы – маңдай кірер қазығы. Қуанышы да қазақ, қайғысы да қазақ. Батырлықтың да үлгісіне лайық қазақ.
Даналықтың да, балалықтың да аясына сыйымды қазақ. Жалтаңдайтын да қазақ, талтаңдайтын да қазақ. Қит еткенге қызынатын да қазақ, бұлт еткенге бұзылатын да қазақ. Беруден алдына адам салмайтын да қазақ. Бүлінгеннен бүлдіргі алмайтын да қазақ. Көрінгенге көңілшек те қазақ, етектегіге еріншек те қазақ. Буынсыз жерге пышақ салатын да қазақ, сұрағанын алатын да қазақ. Жері үшін тірескен де қазақ, Желтоқсанда күрескен де қазақ. Айтқаныңды құп алатын да қазақ, Жұбан айтса жұбанатын да қазақ. Сөйтіп, абырой намыстың отын іздесең, қазақтан ізде, Жұбаннан ізде.
Абыройын аршып жан даттатпайды,
Жұдырағы жылдамға жат батпайды.
Жығылуы да күштіден күрес заңы-
Қазақ бірақ басыннан аттатпайды.
Аттағанмен өлгенше алысады,
Болсын әлде болмасын арыс әлі.
Ер жігітке ең қымбат тірлік емес
Анасының сүтіндей намыс – ары, -дейді. Ақынның ақ адал шындығына нанбай көр. Көріпкелдігіне күмән келтіре алмастығың анық. Сөйтіп, Жұбан жыры – әлемдегі қазақ деген елдің елшісі, әдемі айнасы.