«Цифрлы Қазақстан: Кітапхана дамуына жаңа серпін» Батыс Қазақстан аймақтық кітапханашылар форумы

Қаламгер, әдебиет зерттеушісі, көрнекті ақын Сағынғали Сейітовтың 100 жылдығына арналған шаралар ол түлеп ұшқан Ақжайық ауданында жалғасты.

Осы күнмен кітапханашылардың «Цифрлы Қазақстан: кітапхана дамуына жаңа серпін» атты форумы тұстас келуі мерейтойлық шаралармен ғажап үйлесім тапты. Батыс Қазақстан аймақтарынан кітапханашылар жиналған форумның ашылуында аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйледі. «Қылышынан қан тамған тоталитаризмнен қаймықпаған Жұбан Молдағалиев пен сырлы да сұлу жырдың иесі Сағынғали Сейітовтің тағылым-тəлімін жас ұрпаққа жеткізуде ой ордасы, рухани отаулар – кітапханалардың алар орны ерекше. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласында көзделген мұраттарға жетуде сіздерге, яғни нағыз шексіз қазына сақшыларына халқымыз зор сенім жүктейді»,-деді ол.

Аудандық, облыстық айтыстардың жүлдегері, құрайлысайлық кітапханашы Мейірман Шәкенов жиналғандарға жырдан шашу шашты.

Ауыл-аймақты кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етіп, оқырмандардың түрлі оқулықтар мен әдебиеттерді оқуға мүмкіндік туғызуда кітапханаларда заман талабына сай құтты қадамдар бар. Ақжайық ауданы бойынша 45 кітапхананың 8-і модульді болып табылады. Бұл форумға келген делегация құрамында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева, Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап  кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұл, төрт облыстан кітапханалардың өкілдері С.Сейітов сынды поэзия тарланбозының еңбегін насихаттауға байланысты тәжірибелерін ортаға салды. С.Мұқанов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев, Ғ.Орманов, басқа да әдебиет алыптарымен иықтаса еңбек еткен Сағынғали ағаның мәселен, Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет секторында қарымды еңбек еткен кезінде «Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очерктері» атты ұжымдық қомақты  еңбектің төрт тарауын, өзіне көркемсөзде ұстаз тұтқан көрнекті қалам қайраткерлері – Ғ.Мүсірепов пен Т.Жароков туралы сыни-ғұмырнамалық очерктер жазып, Қ.Жармағамбетовпен бірге С.Мұқанов шығармашылығын безбендегені. «Қырық жылда» монографиясының негізінде ғылыми диссертация қорғағаны баяндалды.

Форум «ХХІ ғасыр кітапханасы: позитивтік өзгерістер» атты экскурсияны тамашалаумен жалғасты. «Кабис модульдері», «Әже, оқып берші!» салт-дәстүр бұрышы, «Сағынғалидың сырлы әлемі» мерейтой бұрышы, «Жаңа мүмкіндіктер алаңы» секциясында Ә.Кулетова «1+1» акциясы», Ж.Омарбекова «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт-Ел оқырманы», А.Жунусова «Кітапхана-рухани жаңғырту орталығы» жобалық жұмыстары таныстырылды.

Аудан орталығындағы Жұбан Молдағалиевтың ескерткіші жанында мерейтойға арналған сағат өтті. Осында оларды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі. Ол қазақ мәдениеті мен әдебиетінен ойып тұрып орын алған әйгілі Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітовтың арасындағы байланыс пен сыйластықтың талайға үлгі болатынын әңгімелеп, оларды ұлықтауға байланысты әлі талай іздену керегін атап көрсетті.

Аудандық «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшесі, Қ.Байсықов мектебінің 11 сынып оқушысы Аружан Махамбетова С.Сейітовтың өлеңін оқыды.

Жиналғандар Ж.Молдағалиевтың сөзіне И.Жақанов жазған әйгілі «Еділ-Жайық» әніне өткен жылы қойылған ескерткішті тамашалаумен, аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі С.Сейітовтың тұтынған заттарынан жасақталған жеке кабинетінің ашылуымен жалғасты. Музейде қаламгердің жылдар жүзінде жарық көрген кітаптары, еңбегі үшін алған медальдары, қазақ-кеңес әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін алған грамотасы, жақын жандарымен, майдангер жолдастарымен түскен фотосуреттері, сонымен қатар, жеке заттары: домбырасы, қамшысы, киген киімдері және жұмыс үстелі қойылған. 1936 жылы облыстық газетте жарияланған тырнақалдысынан бастап, халықтың баласы болған тарланбоздың 70 жылға жуық шығармашылық жолында 50-ге тарта туындысының тұсауы кесілді. Таңдамалы томдықтарымен қатар әдебиет оқулықтарын, құнды ғылыми монографияларын жарыққа шығарды. 60-70 жылдары «Правда», «Красная звезда», «Литературная газета» газеттерінде, «Октябрь», «Знамя», «Советский воин» журналдарында, «Советская поэзия за 60 лет» 4 томдық антологиясында, кейінірек «Казахстанцы о Москве» (1998), «Казахстанцы защищают Москву», (2001) монументтік басылымдарында өлеңдер топтамалары жарияланып, оның еңбегі тіпті алысқа танылды.

Осындай абзал жанның шығармаларын, еңбегін әлде де кеңінен насихаттау жолында атқарар іс аз емес. Қаламгердің ескерткішін ашу салтанатында осы жайында айтылды. Жалпы биіктігі 1,9 метр бұл кеудетұғыр (авторы Дмитрий Баймұқашев) аудандық кітапхананың алаңында орнатылды. Ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай сөз алды. «Бар өмірін әдебиетке арнап сарп еткен қаламгердің жұрт жүрегіне жазылғаны осы емес пе. Осы тұлғаны Алматы, Астана қалаларында ұлықтаған шаралар өтуде, десек те, кіндік қаны тамған жердегі шырайлы күндердің жөні бөлек. Бұл кеудетұғырды қазақтың рухына қойған есерткіш деп санауымыз керек»,-деді ол. Дидар Сағынғалиқызы және мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева ескерткіштің жамылғысын ашты. Ағаның қызы көзіне жас алып тұрып, «әкеміз ортамызға келгендей, ерекше толқып тұрмын»,-деп сөз саптады. Абай атындағы мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Жанболат Нығматуллин ақынның «Сен мені іздейсің бе, оқырманым?» атты өлеңін мәнерлеп оқыды.

С.Сейітовтің мерейтойына орай түстен кейін «Сағынғалидың сырлы әлемі» атты салтанат аудан орталығындағы мәдени-демалыс орталығында өтті.

«Сұлу сөздің сардары» әдеби биенналеге жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады. Облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, сондай-ақ қадірлі меймандар Ғалым Жайлыбай, Ақұштап Бақтыгереева, Ілия Жақанов, Дидар Сағынғалиқызы, ақынның немере қарындасы Роза Бозтайлақова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көркемсурет академиясының академигі, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Отарбай Кендіров мерейтойдан әсерлерімен бөлісті. Қаламгердің ғұмырдеректерінен хабар беретін бейнеролик көрсетілді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Тілес Жазықбай С.Сейітовтің шығармашылығы туралы баяндама жасады. Бұдан соң ақын мерейтойына үш аталым бойынша жарияланған «Сұлу сөздің сардары» атты аймақтық байқаудың қорытындысы жарияланды. Байқауға ұсынылған 200-ден астам жұмысты қазылар алқасының төрайымы - ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің  төрайымы, ақын Ақұштап апа  Бақтыгереева, Сейтақ Ғайсағали - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Жайық Пресс» медиахолдингінің директорының орынбасары, Бауыржан Халиолла  - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, айтыскер ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Үзілдік Елеубайқызы - ақын-ұстаз, жұбантанушы, Талап Таймасұлы – ақын, Батыс Қазақстан Инновациялық технологиялық университетінің ұстазы, «Ақберен» жас ақындар клубының жетекшісі сынды қазылар құрамы саралаған болатын.

С.Сейітов өмірі мен шығармашылығынан «Таланты тау боп көрінсе» атты кітапханалар арасындағы әдістемелік құралдар шығару аталымы бойынша бас жүлдені БҚО зағип  және нашар көретін азаматтарға  арналған   кітапханасы, І орынды Қазталов аудандық орталықтандарылған кітапханалар жүйесі балалар кітапханасының қызметкері Ботакөз Айтмағамбетова, ІІ орынды Сақтаған Бәйішов атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Гуля Сейітова, ІІІ орынды Атырау облысы, Жылыой ауданы Құлсары қалалық кітапхана директорының орынбасары Балзия Кенжебекова иеленді.

Ақынның өлеңдерін “Ақ-жауын жыры төгілсе...” атты мәнерлеп оқу аталымы бойынша бас жүлдені Теректі ауданы Жайық ауылы Жайық негізгі орта білім беретін мектебінің 2 сынып оқушысы Азамат Нұрлыбек, І орынды Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан Елдос Құлшаров, ІІ орынды мәнерлеп оқудан республикалық байқауларының жеңімпазы, жәнібектік Ақнұр Азаматова, жаңақалалық Манас Болатов, ІІІ орынды оралдық Мархабат Серіков, ауданымыздағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушысы Айару Әділ жеңіп алды.

“Өлең боп ақын өрілсе...” атты өлеңдер аталымы бойынша бас жүлдемен оралдық Мәрлен Ғилымхан, І орынмен «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов, ІІ орынмен белгілі ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Әділет Орынбасаров, ІІІ орынмен атыраулық Рахымжан Орынбасаров, Жәнібек ауданынан Оралбек Ысқақ қошеметтелді. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова, Халықаралық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов, сондай-ақ Әнуар, Венера Нұрғалиевтар, Инабат Қуанғалиевтер ән әуелетті.

Кеше мерейтой сөз зергерінің кіндік қаны тамған Жұбан ауылында жалғасты.

 

Государственные символы

Флаг РК

Герб РК

Гимн РК

Блог директора

Мусагалиева Роза Сакеновна

Перейти к блогу

Баннеры

  • 01
  • 02
  • 03
  • 04

Схема проезда

Западно-Казахстанская область, Акжаикский район, село Чапаево, улица Конаева, дом 73
ПН-ПТ 09:00-18:00