Есенсай ауылы – Ақжайық ауданының солтүстік шығысында орналасқан, жер көлемі 117002 га. Қурайлысай, Қарауылтөбе ауылдық округтерімен және Теректі ауданымен шектеседі. Есенсай ауыл округіне- Кеңсуат елді мекені қарайды. Округ құрамында 2 мектеп, медпункт, мәдениет үйі, 2 кітапхана бар.
Кітапхана мәдениет үйі ғимаратының 2 –ші қабатында орналасқан
Кітапхананың тарихи шежіресі тереңде жатыр. 1932 жылы кітапхана «қызыл отау» деген атпен ашылған. Сол жылдары алғашқы кітапханашы болып Нұржанов Хамидолла 1954 жылға дейін еңбек еткен. Сол кездің өзінде кітапханада 1500-2000 кітап болды. Ол кездегі кітапхана үгіт насихат жұмыстарының орталығы болу үшін еңбекшңлерге тәрбие беру әдістерін күннен –күнге көбейтіп, жетілдіріп отырып, еңбек ұйымдастырудың үлгілі тәжірибелерін ғана емес сонымен қатар жарасты тұрмыс мәселелерін де насихаттап отырды. Сонымен қатар елдегі сауатсыздықты жою мәселелеріне де кітапханашылар ден қоя жұмыстанды.
1955-1959 жылдар аралығында Альмұханбетов Болат кітапханашы қызметін жалғастырды. Кітап қоры көбейе түсіп 6000 кітап болған. Сол кездегі кітапханада 450 оқырман болатын. Соның ішінде оқырмандар қатарын 80 оқушы, 25 орыс ұлты, 5 басқа ұлт өкілдері толықтыратын. Кітапхана әрқашан, совет адамдарын, жас ұрпақты ұлттық және интернационалдық міндет мақсаттарды дұрыс түсінуге баулып достық туысқандық рухында болашақ азаматты тәрбиелеу кітапхана жұмыстарының ең негізгі мақсаттарының бірі болды. Заманға деген құштарлығын арттыра түсу мақсатында В.И.Лениннің өмірі мен қызмет туралы әдебиеттерді насихаттауда түрлі бағытта насихат жұмыстарын жүргізіп отырды. Сонымен қатар кітапханада кештер, ақын-жазушылармен кездесулер өткізіліп түратын.
1859 жылдан бастап кітапханаға жас маман Сариева Назым Қажығалиқызы кітапханашы болып орналасты. Кітапхана жұмысын атқара жүре, ол 1965 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесінің кітапханашы мамандығы бойынша бітіріп, арнаулы орта білімі бар маман болды. Кітапханада 6500 дана кітап қоры болды, алайда оқырман көп болған.
Ол кездері тыңда игеру және Қазақстанның қарқынды құрылысы Совет одағы халықтарының жақындаса түсуімен достығының аренасына айналды. Оларды Қазақстанның болашағымен қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен таныстыру үшін кітапханалар тарихи-революциялық әдебиеттерді насихаттаумен бірге өлкетану әдебиеттеріне жастардың зиенін көбірек аударып отырды. Айталық 1960-1961 жылдары Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», «Ұлпан» Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» деген тамаша шығармалары жастарды өткен тарихи өмірімен таныстырып, осындай кітаптар жастардың қолдан тұсірмейтін қызықты әдебиеттерінің біріне айналды. Бертін келе М.Шаханов, М.Мақатаев. Ш.Мұртаза, Ф. Оңғарсынова, А.Бақтыгереева шығармалары мен жырларын оқу жастар арасында кеңінен орын алды. Жазушыларымыз Б.Соқпақпаев, А.Бақтыгереева, Қ. Мырза Әли, С.Еркебаев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітовтар туған жерге жиі келіп, кітапхана оқырмандарымен кездесіп жүрген. Назым Қажығалиқызы қызықты кештер, кездесулер, ақын-жазушылардың еңбектерін үнемі насихаттап отырған. КПСС Орталық Комитетінің қаулы-қарарларын, сол уақытта саяси тақырыптарды жеткізе насихаттаған. Пішен, егіс бригадаларында «Жауынгерлік бет», көркеткіш тақталарын толтырып, шығарылып отырған. Әрбір трактористтің, шопанның күнделікті еңбек көрсеткіштерін плакаттарға шығарған. «Ел іші - өнер кеніші» атты жылма-жыл өткізілетін аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 1978 жылы «Елімізде барлық мамандық құрметті» атты кеш өтті. Онда кітапхана мамандығының құрметті, қызықты мамандық екенін кейінгі ұрпаққа насихаттады. Кітапханадағы көпшілік жұмыстарды нәтежелі ұйымдастырып отырған Назым апай кәсіби маман ретінде оқырмандармен жүргізілетін жеке жұмыстарды да естен шығармады. Олардың оқуына басшылық жасап, әр оқырманның тілек, сұраныстарын ескерді.
Назым Қажығалиқызы жергілікті советінің депутаттығына 2 рет ұсынылған, облыстық әйелдер І-ІІ съезіне 2 рет делегат болып қатысқан. Қызмет істеген жылдарында өз жұмысымен бірге қоғамдық өмірге де белсене араласқан. «Әйелдер кеңесінің төрайымы» , «Кітап құмарлар» қоғамының төрайымы жұмыстарының үнемі басында болған.
1990 жылы «Ардақты ана» орденімен марапатталып,екі жылға келісім шартпен кітапханада жұмыс жасап, 11 бала тәрбиелеп, зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда да зейнеткермін деп үйде отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл адамдарының арасында үлкен бедел иесі.
Ауыл тарихына зер салсақ, сол жылдардан Назым апайдың салып берген сара жолын Аяпқалиева Гүлайым жалғастырып келеді. Аяпқалиева Гүлайым жоғары білімді маман (суретте)
Қазіргі таңдағы жан-жақты білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі кітапхана. Бүгінде кітапханада 700 оқырман кітапханаға қатысады. Кітап коры да балаларға арналған әдеби кітаптар, батырлар жыры, Ұлы тұлғалар туралы әдебиеттермен толығып келеді. Кітапханашы оқушылармен, оқырмандармен тығыз байланыста болып, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханада конференция, кездесу кеші, дөңгелек үстел, сайыстар, т.б. өткізіліп отырады.
Кітапханада «Атамекен» поэзия клубы (суретте) жұмыс істейді. Бұл клуб «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген девизбен қызмет істейді. «Атамекен» клубы кітапханада түрлі көпшілік шаралар өткізіп отырады. Бүгінгі күні клубтың 12 мүшесі бар. Олардың
9-ы оқушылар, ал 3-і жастар. Айына 1 рет клуб мүшелерімен отырыс өткізіледі.Жоспар жасалынып, істелген шараларды талқылап, пікір алмасады. «Атамекен» клубы да жастар арасында мамандық таңдауға, табиғатқа, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға игі әсер еткен жүйелі жұмысы өз жемісін беруде. Клуб мүшелерінің алды жоғарғы оқу орнында білім алып қалаған мамандық иесі болды. Мысалы: Олжекеев Бейімбет Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірсе, Мырзағалиева Рита Орал педагогикалық коледжінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп мамандық иесі атанды.Олар ауыл кітапханасымен тығыз байланыста болып, осында болатын шараларға белсене қатысады. Аудандық «Дала дарындары» жастар шығармашылық фестиваліне қатысқан Мырзағалиева Рита І орын (суретте) алса, Олжекеев Бейімбет (суретте) «Оралхан Бөкей» шығармашылығына арналған байқауда жүлделі орынға ие болды.
Кітапханада «Тарихынды тани біл», «Жас маманға», «Жаңа кітаптар» атты ұсынба тізім әр маманға ұсынылады. Кітапханада «Орал өңірінің жазушылары», «Кітапхана қасиетті шаңырақ», «Мәдени мұра», «Елеулі есімдер мерей тойы», «Ана тілі –ата-баба мұрасы» атты көрмелер бар. Кітапхананың бүгінде көптеген тұрақты оқырманы бар. Олар: Зейнеткер Ажиков Қ, Қауымбаева М, Серикбаев Ш, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Утесинова Г, Айтуғанова Л, Байшутова А, жас оқырман Ихсанғалиева Г, Байғалиева Г, Таженова А. Сынды оқырмандарымыз кітапхананың көпшілік шараларына қатыса отырып кітапханашының белсенді көмекшілері ретінде ауыл кітапханасы тарихынан орын алары сөзсіз.
Кітапханада кітапхана кеңесі тұрақты жұмыс істейді және бұл кеңес мүшелері үнемі шараларды өткізіп тұруға қатысады. Кітапхана мектеп кітапханасымен ауыл түрғындары, мекемелермен, қоғамдық үйымдармен тығыз байланыста болып, ауылдың мәдениетін көтеріп, тұрғындарға мәдени демалыс ұйымдастыруда ауыл кітапханашысының ролі бар.
Осы бағыта 2007 жылы «Пай,пай қазақтың келіндері- ай» (суретте) әдеби байқау өткізді. Кітапханада оқырмандар білім алып қана қоймай, сонымен бірге әдептілікке мәдениеттілікке де шақырады. Даталы күндерге байланысты жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Республикасының Рәміздері, Елтаңба, Әнұран, Туы және соңғы болып жатқан жаңалықтар туралы мағұлмат алады. Кітапханада оқушылар кітап әлемімен танысып, кітапты құрметтеуді, онымен жұмыс жасауды үйренеді. Ауыл кітапханасында оқушыларға рухани адамгершілік тәрбие беруде әр түрлі қызмет түрлері қолданады.
Есенсай округіндегі кітапханалардың 1985-2007 жылдар аралығындағы оқырмандар, кітап қорының орташа есеппен алынған көрсеткіштері.
Есенсай ауыл округіндегі кітапханалардың 2004-2008 жылдар аралығында мерзімді басылымдар көрсеткіші
2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы дене шынықтыру және спортты дамытудың еліміздің келешегі мен бүгінгісін тануда әдебиеттерді насихаттауда оқырман сұраныстарын қанағаттандыру үшін кітапхана қорларын толтыру, түрлі салалар бойынша және көркем әдебиеттерді насихаттай отырып, оқырмандар арасында көпшілік шаралар көрсетіліп өткізіліп келеді.
2013 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде кітапханашы мамандығын бітірген.
2016 жылы Есенсай ауылдық кітапханасына, «Модельді ауылдық кітапхана» статусы берілді. оқырмандарға кітапханалық ақпараттық қызмет көрсетуде жаңа мүмкіндіктер беретін үлгілі қалыпта жабдықталған бұл кітапхана оқырмандарға теледидар көруге, газет журналдар оқуға демалу залы, оқу залы және негізгі кітап қоры тұратын жаңа үлгіде жабдықталған кітапхана оқырмандардың көңіліне қуаныш сыйлады.
Кітапхана құрылымына оқырман залы, мүмкіндігі шектеулі жандарға демалыс бөлмесі, абонемент бөлімі, компьютермен жабдықталған интернет желісіне шығу мүмкіндігі, керекті ақпаратты электронды тасымалдағышқа немесе қағаз нұсқасына көшіру қарастырылған. Оқырмандар өздеріне ыңғайлы уақыттарында сабаққа дайындалып іздену жұмыстарын жүргізуде. Ауыл тұрғындарына мәдени, рухани орталық болып табылатын кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Оқырмандарды тарту мақсатында түрлі бағыттағы шаралар, қызмет көрсетуде. Жаңа үлгіде оқырмандармен мүмкіндігі шектеулі жандармен шаралар өткізіліп тұрады.
Кітапханашылар жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуге атсалысу бағытында көптеген қызмет түрлерін жалғастырып, «Жаз демалыс балалар» - сонымен қатар «Бір ел-бір кітап» акциясына байланысты көптеген шаралар ұйымдастырылып тұрады.
2019 жылы Есенсай ауылдық модельді кітапханасына кітапханашы болып Сапарова Айнаш Талғатқызы кітапханашы болып жұмысқа қабылданды. 1983 жылы 13 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Талдыапан ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда аталған кітапханада кітапханашы болып қызмет атқаруда.
2022 жылы Рязань облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілген VII-ші халықаралық «Читаем Анатолия Митяева» атты акциясында сертификат иеленді.
2024 жылы Облыстық Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Қадыр Мырзалиевті оқимыз» атты акцияға қатысып Э.Аманғалиевадан «Диплом» марапатталды.
2023 жылы 24 қазан кітапханашылар күні Ақжайық ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мусағалиева Роза Сәкенқызының «Алғыс хат» марапатталды.
2021 жылы Гүлайым Каримуллақызы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиевтың «Алғыс хат» марапатталды.
2023 жылы қаңтар айынан бастап Оразғалиева Еркежан Жиенбайқызы кітапханашы болып жұмысқа орналасты.
1994 жылы 16 қарашада Батыс Қазақстан облысы Есенсай ауылында дүниеге келген.
2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағыты бойынша кітапхана оқырманы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаным үшін Есенсай ауылдық модельді кітапхананың меңгерушісі Г.К.Аяпкалиеваның «Алғыс хат» марапатталды.
2024 жылы Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Қадыр оқулары» облыстық акциясына қатысқандығы үшін Э.Аманғалиевадан «Диплом» марапатталды.
2024 жылы 30 тамыз ҚР-ның Конституция күніне орай аудан әкімі М.Сердалиннің «Алғыс хат» марапатталды.
2023 жылы Кітапхана оқырмандары облыстық Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Қадыр Мырзалиевті оқимыз» атты акцияға қатысып оқырмандар Аманжолов Элдар, Аманжолова Сабина, Серік Марғұлан, Сембай Сезім және кітапханашы Сапарова Айнаш «Диплом» марапатталды.
2024 жылы Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Кітап достық көпірі» атты байқауға Серік Марғұлан қатысып «Диплом» марапатталды.