1894 жылы Маңғыстауда Өгіз-Өреуіл деген жерде дүниеге келген. Сүгір Адайдың Мұңалы, оның ішінде Жаулыдан таралатын Ескелді ауылының перзенті. Сүгір жасында Саздыдағы Бәли Нұрнияз ақынның мектебінде білім алған. “Сүгірдің термесі”, ”Сүгірдің әні”, ”Сүгірдің жыр-сазы” тәрізді әуендері ел арасына жайылады. Сүгір бір шығарманың өзін, өзі шығарған бірнеше әуенмен құбылта орындап, тыңдаушыны баурап алатын қасиетке ие болған, жыршылық, ақындығымен қоса композиторлық дәрежеге көтерілген дарынды өнер иесі. Сүгір 1967 жылы ата қонысы Маңғыстауға бағыт алып, Ақжігіт кентіне үйімен көшіп келіп, сонда 3-4 жыл қоныстанып отырады да, 1971 жылы Өзендегі Қызылсайға көшіп келіп тұрақтайды. Сол жерде 1974 жылы сексен жасында көз жұмады, оны Шопан- ата қауымына жерлейді.