1939 жылы 22 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін 1962 жылғы бітіріп, Талап орта мектебінің мұғалімі, облыстық «Орал өңірі» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1977-1988 жылдары Ақжайық аудандық газетінің редакторы, 1992-1998 жылдары «Қазақгаз» мемхолдинг компаниясының «Рауан» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. Зейнеткерлікке шыққан соң жарнамалық-ақпараттық «Информбиржа» газетінің «Дидар» арнаулы бетін шығаруға үлес қосқаны үшін Қазақстанның құрметті журналисі атанды. 2008 жылы «Уақыт іздері», 2010 жылы «Ардагерлер әлемі» атты кітаптары жарыққа шықты. Белгілі қаламгердің бұл жинақтарына соңғы үш –төрт жыл бедерінде жарияланған тақырыптық мақалалары енген. Оның «Әдебиет әлемінде» атты бірінші бөлімінде атақты ақын жазушылар, «Өнер өлкесінде» атты екінші бөлімінде өлкемізге танымал өнер өрендері , «Әріптестер лебізі» атты үшінші бөлімінде автордың өзі туралы мақалалары жинақталған.