1922 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы педагогикалық училищені, 1951 жылы Орал медициналық колледжін, 1960 жылы СОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебін, 1964 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтының аспирантурасын бітірген. Ауыл мектебінде мұғалім ретінде еңбек жолын бастаған. 1942 жылы қаңтарда майданға аттанып, 13-ші дивизия құрамында соғысқа қатысады. Кейін Ленинград әскери-саяси училищесінде оқып, қазақ тілінде шығатын «Отанды қорғауға» атты майдандық газетте қызмет істейді. Майданнан оралған соң Батыс Қазақстан облысы «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы (1945-55) , Фурманов ауданы партия комитетінің 1-хатшысы (1955-58) болды. 1960 - 1985 жылдары Орал және Көкшетау облысының партия комитеттерінің хатшысы, 1985 жылы Көкшетау қаласындағы Куйбышев атындағы мемориалдық музейдің директоры қызмтінде болған. Белгілі журналист Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері мен Ленинград қорғаушылары туралы «Степные зори Приуралья», «Обновленная степь», «10 лет с М.Шолоховым», «Қазақтар Ленинград майданында» атты кітаптардың авторы. Отан соғысы және 3 мәрте Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.