1420 жылы туылған. Өскен жері – Еділ бойы. Әскери ақсүйек тұқымынан шыққан Қазтуған жырау жорық жыршысы және халық эпосын жасаушылардың бірі. Артына қазақтардың әскери рухын, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Дегенмен, бізге жеткен жекелеген туындылары оның әдебиет тарихы төрінен орын алуға лайықты екенін айғақтайды. Оның поэзиясы жауынгерлердің көшпелі өмірін, тұрмысын, көзқарасын табиғат туралы ойларын суреттейді. Қазтуған жыраудың "Мадақ жыры", "Туған жермен қоштасу" сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жыраулары арқылы жеткен бірқатар толғаулары 1862 жылы И.Березиннің "Түрік хрестоматиясында", 1910 жылы шыққан Ғабдолла Мұштақтың "Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары" жинағында, М.Мағауиннің 1970 жылы шыққан "Алдаспан" кітабында жарияланды.