1957 жылы 7 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. 1964 - 1974 жылы Алғабас ауылындағы Киров орта мектебін тәмәмдаған. Білімі жоғары. Орал педагогикалық институтының жаратылыстану пәні мамандығы бойынша білім алған. 1994 жылы Орал қаласындағы медіресені бітіріп, Чапаев мұсылман мешітін ұйымдастырып имамдық қызметке тағайындалған. 1997 – 2020 жылдар аралығында Чапаев ауылындағы No2 М.Әуезов атындағы орта жалпы білім беретін мектепте ұстаздық етті. 2011 жылы спорттағы жетістіктері ескеріліп, ҚР өткен VII Қысқы Азиада ойындарына БҚО атынан алаугер ретінде қатынасқан. 2018 жылы облыстық параолимпиада ойындарына қатысқан. 2012 – 2019 жылдар аралығында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жетістігі үшін көптеген марапаттар алған. 2014 жылы Ақжайық ауданы «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығының төрағасы, 2015 жылы аудандық сотта кәсіби емес медиатор. 2018 жылы медиация саласы бойынша БҚО намысын қорғап, республикалық байқауда «Үздік медиатор» атағын жеңіп алған. 2019 жылы облыс намысын дін саласында қорғап, республикалық байқауда «Үздік дәріскер» атағын иеленді. 2017 жылы «Діннің тұтастығы – елдің бірлігі», 2018 жылы «Дәстүрмен қайта қауыштырған - Таным» атты діни бағыттағы әдістемелік құралдары, 2022 - 2023 жылдары «Құрақ көрпе», «Жаңғырық» атты кітаптары жарық көрді. 2024 жылы наурыз айында «Ауыл партиясы» ұйымдастырған батагөйлер сайысында 1 – орынға ие болып Мерке шипажайына жолдама алған.