«Жұбан – ақын, азамат, қоғам қайраткері» Танымдық - практикалық конференция

Ғажайып ақын, ұлтжанды азамат, көрнекті қоғам қайраткері, жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған

«Жұбан – ақын, азамат, қоғам қайраткері»

Танымдық - практикалық  конференция

  1. Жоспары
  2. Кіріспе сөз.
  3. «Жүректе жарқын бейнесі» -Ақын өміріне байланысты дыбысты бейне көрініс.
  4. Баяндамалар:

       «Бар қазақтың Жұбаны»             

       «Өлмес өмір, өшпес өнеге»

        «Әр өлеңі ұлт рухын оятқан»              

       «Қазақ әдебиетіндегі ақындық пен азаматтық тізгінін тең ұстаған тұлға» 

       «Жұбан жырлары жадымызда»

            «Оқитын ел –озық ел»

  1. «Талантына табындырған Жұбан ақын» - Ж. Молдағалиевтің мерейтойына орай өткізілген мүшәйра, байқау  жеңімпаздары - ақын өлеңдерін, өз шығармаларын мәнерлеп     оқу.
  2. «Ұлықтайды Жұбанын, ұмытпайды туған ел» кітап көрмесі.

 

    

Залға Жұбанға арналған сахналық үлкен банер ілінген. Бейне көрініске қажетті құрал – жабдықтар әзірленген. Сахна алдында трибуна, микрофон, төрге ұзын президиум орнатылып, қонақтарға  шағын микрофондар қойылған. Президиум қонақтарының аты-жөні жазылып қойылып өзге столдар президиумға қарсы «П»  әрпі тәрізді орналасқан, орындықтар қойылған.

Залға «Әлемге әйгілеген қазақ атын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Жүргізуші: Армысыз,  ардақты  ағайын,  құрметті  конференция  қонақтары,  қадірлі оқырман  қауым  өкілдері!

                                      Қонақсыман астаналық ақын боп,

                                      Бұл өлкеде бас ұстауға қақым жоқ. 

                                      Құлақ берсе болды біздің бала-деп,

                                      Артық кеткен еңбегім жоқ, ақым жоқ –

деген жыр жолдарымен өзі туған өңірдің алдында әрдайым кішілік таныту арқылы кісіліктің шырқау шыңынан көрінген, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ғажайып ақын, аяулы азамат, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері,

Жайық өңірінің жайсаң перзенті, Желтоқсанның жебесі атанған жерлесіміз  Ж.Молдағалиевтің 90 жылдығына орайластырылған «Жұбан – ақын, азамат, қоғам қайраткері» атты танымдық – практикалық конференцияға қош келдіңіздер!

Алашын алты құрлыққа танытуға талпынып, айдай әлемге «Мен - Қазақпын» - деп жар салған Жұбан ақынның мерей тойына дайындық ауданымызда өткен жылдан бастау алып, әлі жалғасын тауып келеді. Үстіміздегі жыл-Жұбан  жылы – деп аталып, аудандық «Жайық таңы» газетінде ақын өміріне байланысты естеліктер мен тарихи фотосуреттер, шығармашылығына байланысты талдаулар мен жыл басынан бері мерей тойға арналған ірілі – ұсақты шаралардың өту барысы жайлы үзбей жарияланып келеді. Күзге қарай тойланатын ақын мерейтойына дайындық қызу жүргізілуде. Чапаев ауылының ортасындағы алаңға қойылатын Жұбан ескерткішінен бастап, туған жері Құрайлысай ауылдық округі аумағындағы тәу–тұғырға дейін, кітапханалық, мектептік шаралардан бастап, өткен аудандық ақындар айтысына дейін ұйымдастырылған шаралардың барлығы ақын рухына бағышталады.

Бүгінгі шара да халықтың қыран перзенті, ақын Жұбанды жас ұрпаққа жете таныстырып, естіп мәңгі есте ұстауға арналған жүйелі жұмыстардың жалғасы, ақын аруағы алдыңдағы адами парызға адалдықтың бір белгісі болсын, құрметті жиынға  қатынасушылар! 

«Жүректе жарқын бейнесі» - 3 минуттық дыбысты бейнебаян жіберіледі.

Жұбан! Әкесінің аты, ата-тегі секілді қосымша анықтамаларды қажет етпейтін елге елеулі есімдер қазақ әдебиетінде көп емес. Мысалы: Абай немесе Жамбыл, Махамбет деген аттарға әдебиет әлемінде қандай анықтауыш қажет? Міне, сонау, бастауын есте жоқ ескі дәуірлерден алатын ауыз әдебиетінің заманауи жалғасы – бүгінгі жазба әдебиетіміздің төрінен заңды орнын алған Жұбан Молдағалиев те осы  саусақпен санарлық сиректердің бірегейі -  десек, ақиқаттан алшақ кете қоймаспыз.

Оған келтірер дәлелдеріміз де алты алашқа аян болуы керек. Жұбан – ең алдымен үлкен әріппен жазылатын Адам! Сондықтан да оның қалған сансыз қырлары осы қасиетіне еркін сиып тұр. Қан майданда, бейбіт күндерде алған наградаларын айтпағанның өзінде, КСРО және Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, КСРО мен Қазақ ССР-ның бірнеше сайланған депутаты секілді мәртебелер кез-келген пенденің маңдайына сыя бермейді. Ғажайып ақын, ерекше елжанды азамат, көрнекті қоғам қайраткері, жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтың биыл 90 жылдық мерейтойы. Туған топырағы Ақжайық ауданы жыл басталғалы Жұбан тойға арнап көптеген игі істер, мәдени көпшілік шаралар атқаруда. Құрайлысай ауылындағы халық қаражатына тұрғызылған ақын ескерткіші күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің алдындағы баққа қойылып, ерекше күтімге алынды. Сайқұдық – Жұбан ақынның балалық, оқушылық шағы өткен жер. Сол ауылдағы кітапхана қайта жөнделіп, оқырмандарға есігін айқара ашты. Сондағы Мәдениет үйі жөнделу үстінде. Осы шараға ұйытқы болып отырған Орталық кітапханада, ақынның ауылдас інісі, журналист – жазушы Базарғали Қуатовпен, жиен інісі Уәли Құбашевпен, көзкөрген қариялармен кездесу кештері, биыл «Бір ел – бір кітап» акциясына ұсынылған ақынның атақты «Мен - Қазақпын»поэмасының 45 жылдығына орай ақындар мен көркем сөз оқушылардың  мүшайрасы, басқа да түрлі шаралар оздырылды. Былтырғы жылдан бергі өткен шаралардың дені Жұбан шығармашылығымен байланыстыра өткізіліп келеді.

Жұбан – сынды сан қырлы талант иесін, ерекше елжанды азаматты жете танып – білу, бүгінгі ұрпаққа ақын творчествосын тереңдеп оқыту, атын мәңгі есте қалдыру – әрқайсымыздың парызымызға айналса екен. Тағы бір талантты жерлесіміз, белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев  Жұбан ақынның үш ерлігін бөле – жара қастерлейтінін айтады. Біріншісі - Ұлы Отан соғысындағы қару мен қаламды қатар ұстап, қанды қасаптың басынан – аяғына дейін қатысып, ерлік жолынан өткендігі болса, екінші ерлігі – қылышынан қан сорғалап тұрған тоталитарлық жүйенің, қысымынан қаймықпай, айдай әлемге «Мен - Қазақпын» - деп жар салуы. Ол – қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының әлі сетінемеген, майдандас достары С.Мәуленов, С.Сейітов, Қ.Бекқожин, Т.Бердияров, Ә.Сәрсенбаев сынды ақын – жазушылардың бар кезі - тін. Жұбанның осы ерлігін сол кездің өзінде – ақ барлық қаламгерлер мойындаған еді дейді Қайрат ағамыз. Атақты «Сел» тақырыбына да қазақ әдебиетінде Жұбаннан өзге ешкім батылы жетіп қалам тарта алмағаны көзі қарақты оқырмандарға аян. 

Үшінші ерлігі – атақты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң Жазушылар Одағына келген Колбинге қарсы сөйлеген тарихи сөзі еді. Мыңға тарта жазушылар одағы мүшелерінің бірі де Жұбан барған тәуекелге бара алмағанына – тарих куә.

Осы үш ерліктің өзі – ақ Жұбанды жалпақ елдің, ерекше жаратылған ер ұлы   дәрежесіне көтеріп тұрған жоқ па? Оның ерекше ұлтжанды азамат екені басқа дәлелдеуді қажет етпейді. Туып өскен Жайығы, Жыландысы мен Сайқұдығы ақынның жатса – тұрса жүрегінде болды. Елге жиі келіп, жағдайды біліп, аунап – қунап, қаламына қор, шығармашылығына шабыт алып қайтатын.

«Базартөбе» ауылындағы Орал техникумында бірге оқыған досы Бисен Досхалиев салдырған Жайық жағасындағы саяжайларда демалған кезде талай жырларының тұсауы кесілгеніне сол ел куә.

Бағына Бартөбенің,

Базарлы бүгін совхозы.

Жоқтықтың үзген көгенін,

Майталман еңбек, бақ кезі.

немесе,           

 Тайпағым менің , Тайпағым,

Еліңнің көрдің жай таңын.

Жаяулап қалса қаламым,

Жыр мініп сенен қайтамын!. деген шумақтар Жұбан ақынның, елжандылығын, сүбелі шығармаларының елде, Жайық бойында туғандығын білдірсе керек.

«Туған жерді анам демей не дейін?» - деп жырлаған Жұбан ақынның елге деген ықыласы анасы Зеріпке деген махаббатынан бірде кем емес екені оның, туған жер туралы жырларынан айқын аңғарылып тұрады.

Жар да жоқ Софиямдай жер бетінде,

Жел болып бір тимеген ел бетіне.

Қуаныш, Қуандығын, Азаматын,

Ананың сусындатқан шербетіне,

немесе,             

Гүлмирам – алтын қызым, ботакөзім,

Танытар дала кейпін, ата көзін.

«Әке» - деп мен айтқам жоқ,айтады олар,

Қызыққа, қызғанышқа батам өзім! – деп өзінің кіші Отаны – жанұясына деген сүйіспеншілігін де өлмес жырымен өрнектеп кеткен Жұбан ақын шындығында да құрметтеп қастерлеуге тұрарлық тұлға. Жұбанның сырласы, сыйласы академик Зейнолла Қабдоловша қисындасақ – «Жұбанды мақтамайық, Жұбанмен мақтанайық!»

Сіз өлмес өлеңдеріңізбен, өшпес өнегелі өміріңізбен өзіңіз айтқандай Мәңгі өлмеске мың да бір тірілдіңіз, қадірлі Жұбан аға!

....Негіз жоқ мұңаюға, мұным бекер,

Жерлерге сен жетпеген – жырың жетер.

Өзегі өмірімнің – өлеңдерің,

Туған жер – сені ұмытпас – Ұлы мекен –

деп соңыңыздағы ақын інілеріңіз жырлағандай, жыр - керуеңіздің ғасырлар көшімен алға аса беретініне сенім мол! Ылайым, солай болғай!

Эпик ақын, сан қырлы талант, тағдыры күрделі саңлақ суреткер Жұбан Молдағалиев жөнінде бір-екі ауыз сөзбен айтып, жеткізу қиын

.Баяндамашыларға сөз беру

(Баяндама тақырыбы: «Бар қазақтың Жұбаны»)

 

Жүргізуші: Ақын шығармашылығын айшықтап, азаматтық келбетін ашуда, осы шараға қатысып отырған кітапханашылар мен ұстаздардың үлесі қомақты болуы керек деп  есептеймін. Себебі мектеп-білім бастауы болса, кітапханалар – ой ордасы, білім дариясы. Жұбан шығармаларын жүйелі түрде оқыту дәстүрге айналуы керек.

 (Баяндама тақырыбы: «Өлмес өмір, өшпес өнеге»)

Жүргізуші: Аудан мектептерінің барлығында да Жұбан шығармаларын насихаттап, оқыту дәстүрге айналып келеді. Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» акциясына ақынның атақты «Мен - Қазақпын» поэмасы таңдалған. Жұбанды тани түсуге бұл да үлкен көмегін тигізері сөзсіз.

Өзің туған өлкеден шыққан ардақты азаматтарды өзгеден бұрын тану – міндетіміз болсын. Ақын Жұбанды жан-жақты біле тусуге талпынған бүгінгі конференцияның бірнеше баяндамашысы бар.

(Баяндама тақырыбы: «Әр өлеңі ұлт рухын оятқан»)

Жүргізуші: Бар қазаққа ұлтжандылықтың үлгісі болған, біздің заңды мақтанышымыз Ж.Молдағалиев шығармашылығын зерделеу жаңа басталып жатқандай. Осы игі ісіміз Алаштың игілігі болар үрдіске айналса, бір кездері Жұбантанудың бастауында болғанымызды мақтан ететін боламыз. Бұл жылы ақын аруағы алдындағы парызымызға тамшыдай үлес болып қосылса – мақсаттың орындалғаны. Ақын жыры, ақын рухы – мәңгілік! Жұбан ақынның жырлары мен азаматтық келбетін ғасырлардан-ғасырларға жеткізу – болашақ  ұрпаққа аманат.

(Баяндама тақырыбы: «Қазақ әдебиетіндегі ақындық пен азаматтық тізгінін тең ұстаған тұлға»)

Жүргізуші: Аудан көлеміндегі ауылдық кітапханалар мен мектеп кітапханаларының жүйелі байланысын қалыптастыру қажет. Себебі балғын оқырмандардың баршасы мектеп қабырғасында. Туған жерімізден түлеген атақты ақын – жазушылардың шығармашылығын бүгінгі ұрпақ біліп өсу үшін осындай екіжақты қам – қарекет керек.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық Академиялық кітапхана және кітапханашылар Ассоциациясы шешімімен «Бір ел –бір кітап» акциясы аясында 2010 жылы жерлесіміз, ақиық ақын  Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы барша қазақстандықтар тегістей оқуға лайық деп белгіленгені баршаңызға аян

(Баяндама тақырыбы: «Оқитын ел – озық ел»)

 

 «Талантына табындырған Жұбан ақын» атты Ж.Молдағалиевтің мерейтойына орай өткізілген мүшәйра, байқаулардың жеңімпаздары – ақын өлеңдерін, өз шығармаларын мәнерлеп оқиды.

  Қорытынды сөз:

Әр жылдардың айтұнық айнасындай, күнәсіз куәсіндей өлеңдер ең алдымен шыншыл шынайылығымен, кіршіксіз, кінәратсыз көңіл бейілімен ақын бейнесін алға тартып, ақын жүрегін алақанға салып алдыңнан шығады.

Ж. Молдағалиевтің шығармаларын оқи отырып, оның тек эпик қана емес, аса сыршыл, нәзік шайыр, ойы көшелі, ақылы еселі, шабыты нөсерлі, қордасыз, қоспасыз таза талант иесі екендігіне көзің жетеді.

 

     БАЯНДАМАЛАР ЖИНАҒЫ

 

«Бар қазақтың Жұбаны»

  Тілес Жазықбай

 Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Жүрегін жырға бөлеп, көргені туған жер, үміті – өлең, мақсаты, мұраты – Отан деп өткен Жұбан ақын 90 жасқа толып отыр. Жоқшылық көрген бала, соғыс көрген ер, жыр әлемін нұр әлемге айналдырған ақын, құйтырқы қоғам құбылыстарына қарсы  тұрған қайраткер бүгінде арамызда жоқ. Балдаурен балалықтың тәтті шақтарында қайғысы – қаспақ, арманы бүтін киім болған бала Жұбанның дана Жұбанға айналуы оның өлеңдерімен дәлелденсе керек.

                                   Елдікті жалау етіп жүре алатын,

                                   Жалауын көріп жандар жұбанатын.

                                   Тағдырдың бізге берген жалғызындай,

                                   Жоқ бүгін арамызда Жұбан ақын, -

деуім де сондықтан. Біз ақынды осылай жоқтасақ, оның өлең өлкесіндегі қайталанбас қолтаңбасын мәңгілік үлгі тұтқан соң жоқтаймыз. Дәлелдеусіз, азаматтық тұлғасынан барша халық көлеңке тапқан соң жоқтаймыз. Кезінде құрсанған ызғарлы биліктен күдер үзген соң жоқтадық. Желтоқсан күндерінде Жұбан жүрегінен ел жұбаныш тапқан соң жоқтадық. Жоқтай да бермекпіз. Әйтеуір аты аңызға айналған адам - қатардағы ақын болып қалмады. Бұл өзі айтыла беретін ақиқат, енді бір жүз жылда аңызға да айналар. Сөйтіп, ел махаббатына бөлену екі адамның бірінің маңдайына жазылар бақ емес. Сөйтіп, ел еншісіне бөленген ақын -90 жаста.

Мен осы дүниені жазарда Жұбан туралы бұрынғы естеліктерді, пікірлерді қараудан бас тарттым. Себебі, Сәбит Мұқанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов сияқты саңылақ қаламгерлердің ізіне түсіп кетуден қорықтым. Өз білімім мен дәлелдеулеріме сүйендім. Меніңше Жұбан ақын «Мен қазақпын» дастанына бірден келген жоқ. Туған жерге деген махаббат,  ұлтына деген ұлы көзқарас бала кезден бастау алған. Шетсіз – шексіз қазақ жерінің иесіне мәңгілік берілуі, оның ғажайып кең ой өлшеміне өкшелес болғаны анық. Меніңше, ұлтжандылықты «ұлтшыл» деп бағалау соңғы бірер ғасырдың жемісі емес, бүкіл адамзат тудырған абыройсыз ұғым. Биліктегілердің ауызданған адами әлемі. Одан ешкім қашпайды, ол өң болып көрінуден қалған. Демек, ұлтын сүйген адамды «ұлтшыл» деп бағалау қай ғасырда да үстемдік құрған. Сонымен, Жұбан ұлтжанды ұлылығын ертерек байқатқан.

                                    Елі бар бақ жұлдызы жанып тұрған,

                                    Жері бар жаралғандай жарық нұрдан.

                                    Ер халқым көтерілші өн бойыңа,

                                    Ғаламды таңырқатсын алып тұлғаң.

                                    Ел болдың, еріктісің, күшің өктем,

                                   Күзің – жаз гүл – жазира қысың көктем.

                                   «Қазақтың ұлымын»деп Европада,

                                   Мен сені көкірегіме қысып өткем, -дейді.

Бұл өлең 1945 жылы жазылған. Сталиндік ұлы ілімдердің лениншіл жолы жарқырап жатқан тұста «қазақтың ұлымын» деп көкірек керуі астамшылықтың асқаны деп айтпасқа болмайды. Нағыз ұлтын сүйген адам осылай демегенде не деуі мүмкін! Сөйтіп, ақын астам сөйлей отырып ақыретте де айтқанынан қайтпайтындығын аңғартады.

Ұлтын сүю ұлылықтын белгісі. Бұл да Жұбан жырында. Туған жердің түп қазығы да Жұбан жырында. Кіндік қаны тамған жерін жырға қосу қай – қай ақынның да ар алдындағы азаматтық борышы болар. Бұл борышты кім  қалай  түсінеді? Кім қалай бағалайды? Ақынның жыр жинағына үңіліп қарасақ  22 жасында жазған «Туған елге» деген жырында мынадай жолдар бар:

                                     Сен есіме түскенде,

                                     Құшағын анам ашқандай.

                                     Жауыма қарсы өшпенде

                                     Шабамын жаудан жасқанбай, -

деген тіркестер бүгінгі өлшеммен жалаң ұйқас болғанмен, жадағай сөз емес. Туған жерге деген сағыныш сазы елітеді. Жүрегінен сағыныш сәулесі төгіліп, жанарынан құйылған жас жауға қарсы оқ болып шашырайды. Сөзіме сенгілерің келмесе тағы да ақынның жыр – шумақтарына маңдайымды тіреп көрейін:

                                      Туады сол күн біздерге,

                                      Дұшпанды жеңіп келеміз.

                                      Күлімдеп қарап жүзіңе,

                                      Бауырына еркін енеміз,-

дегенді бала да түсінсе керек-ті. Туған жер тылсым өлке оның қысы да, жазы да жадыңда жаңғырып жататыны жаңалық болмасы анық. Демек, Жұбанның да туған жерге қайта – қайта мойын бұра беруі адам өміріндегі қасиетті борышқа адалдық деп мойындағанымыз дұрыс. Борышқа адал болуды жадағай жалаулатпайды, жан – тәніңе емірене ендіре білген. Ал түптеп келгенде туған жердің төсінде қазақ халқың, өз туған Отаның, өлең төсегің жатса керек.

                                    Талқанын жаудың шығарған,

                                     Өжет ері Отанның

                                     Қаһарлы қайсар қаһарман

                                     Момышұлы Бауыржан ол да қазақ баласы,-

сөйтіп, Исатай, Махамбет, Құрманғазы, ақын Сара, Біржан, Мұхит, кешегі күңіренген соғыста өткен Мәлік Ғабдуллин, Төлеу Әбдібеков, қазақтың қос жұлдызы – Әлия мен Мәншүк, Төлеген Тоқтаров, қазақтың тарлан ақыны Тайыр туралы тереңнен ой қозғауы, түптеп келгенде, қазақ халқының рухын асқақтатып адами әлемін әлдилеуді мұрат еткен. Сөйтіп,

                                     Болды-ау деп уақыт аз-ақ тым,

                                     Өкініп кейін аттандым.

                                     Мен де бір қазақтың,

                                     Болғаныма мақтандым,-

Деуі намысшыл, ер кеуделі, Отаншыл қазақтардың аз еместігін аңғартса керек.

Өз ұлтын сүю, оның батырын «батыр» деп айту жасығын және жасырмау өр ақынның алдына қойған мақсатын айқындай түседі. Сөйтіп ол «Мен қазақпын»дастанына дейін-ақ батыр халық қазақты жыр етуден жасқанып көрген жоқ. Жөргегінде танылған талпыныс өз ұлтына деген өлшеусіз махаббат кейін ұлы дастанға айналды. «Қазақ» сөзі аузымызға алатын алғашқы әіптей айқындала түседі.                          

                                      Жайып салдым сырымды, дос алдына,

                                      От басында, өрісте, қос алдында.

                                      Жан  жүрегі көзінен көрінетін

                                                Қазақ,-дедім,- отырған осы алдында,- дегені дәлелді-ақ.

Мейірбан, ақ көңіл, адалдығы аңқылдап тұратын қазақтың пейілін дәл осындай суреткерлік қалыпқа түсіру Жұбанның ғана қолынан келген. Шарт жүгініп шариғатты да мойындап, діндар көрінген қазақ бар ма? Күзде ері, үйде әйелі қазақ деген елдің әдет – ғұрпы осылай дегенді мойындаса да тап бас иіп кетпеген. Бірақ, әдептен аспаған, әліптің артын күткен. Ерін сыйлау, елін сыйлау қазақ әйеліне о бастан – ақ қанына сіңген қалып, дарыған дауа. Күннен көлеңке іздемейтін, түннен түн еді деп қашпайтын, табиғаттың төл баласы да қазақ. Жел сияқты еркіндікті сүйетін, аққу мен бұлбұл, аруана мен арғымақ, ерке елік бәрі-бәрі қазақтың тұрпатын танытса керек. Осындай кең қолтық, ақ пейілінен кейде пайда да таппайды. Осы сөзімді ақынның өз сөзімен дәлелдейін бе?

Шариғаттың шартынан үрке бердім,

Көргенім жоқ өмірге бір керегін.

Еркек болып сәлдені сыйламадым,

Әйел болып бетімді бүркемедім

Жоқ, дін емес, мал жаным, жер кіндігім

Жалайды итше жарамды – дертімді күн.

Күн астында гулеген желді сүйдім

Сүйем оның тәуелсіз еркіндігін.

Аққу,бұлбұл әнімен сылаң қақтым,

Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.

Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,

Бірі сұйқылт, біреуі сұғанақ тым,-

десе, кей жерде

Даяшымын бәйекпін, ең кішімін,

Демесе кім «мен тақсыр,мен күштімін.»

Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ,

Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім,-

солай жалғасып кете береді.   

Жұбанның «Мен қазақпын» поэмасы көптеген шет ел тілдеріне аударылды. Олардың да сүйсініп оқитын, туған жерін, халқын мақтан етуден ғажайып туындысы – үлгісіне айналды. Дегенмен де «Мен өзбекпін», «Мен грузинмін» деп шаттанғандары болғанмен де, дәл Жұбандай түпкі мақсаттарын айқындауға келгенде әр текті саясат ұстанды.

Дара – дана суреткерлер әліптің артына қараса керек. Сананы сығымдаған, тіліңді тістеп сөйлейтін заман туды. Әсіресе, аз ұлттардың алмағайып саясаттың құрбандығына шалынуы әп – сәтте – ақ болатын. Ал, Жұбан дастанының астары ешқандай күдік тудырмайтын еді. Осы дастандағы арасында шумақ жоқ мына сегіз тармаққа көз жүгіртіп, ой салып қаралықшы.

                                    Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,

                                    Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.

                                     Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт,

                                     Россиядай, Лениндей ұлылықтың! –

дей келіп, әп – сәтте айналып түседі.

                                     Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,

                                     Жаза алатын,ғылымды қаза алатын.

                                     Жаза алатын дүниелік дастандарды,

                                     Жаза алатын тарихқа қазақ атын, -

деп түпкі мақсатына бір-ақ секіреді. Ғажап! Қалай қызымырлансаң да ілігер ілік таппайсың. Сүрінетін жерге келгенде лып етіп қарғып өтер арғымақтың әккі қимылдары көз алдыңнан өтеді. Ал мұндай сақтықпен айтылған сан шумақтардан санамалап біраз  мысалдар келтіруге болады.

Ақын осы «Мен қазақпын» поэмасында қазақы қалпымыздың қазанында қайнаған бүкіл мінез – құлқымыз, әдет – ғұрпымыз, салт – дәстүріміз төңірегінде терең ой тербете білген. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында суреткерлік қалып қара сөзін құдыретіне табындырып әкетсе, осы поэмада жыр  ұлтымыздың болмыс – бітімін тағы да жайып салады. Демек, «Абай жолы» мен «Мен қазақпынның» арасында тартылыс күшіндей білінетін бірліктің барлығы аян. Әуезовтей ұлы дарынды тұлғаның Молдағалиевтей жыр тұғыры болуы заңды құбылыс. Сөзіме көптеген дәлелдер келтіруге болады.

Ақынның туған елі туралы толғаныстары үлкен топтама. Ол күллі қазақ әлемімен тұтасып келеді. Баласы бар данасы бар, Жайығы бар жазығы бар, жаңасы бар жасығы бар, қаласы бар даласы бар, аңы бар ағашы бар, бәрі -бәрі бірігіп келгенде – Жұбанның жерұйығы. Осы жерұйықта қазақ деген ұлттың ұланғайыр өніп – өскен ізі, қуаныш – қайғысы жатыр. Сан ғасыр тарихтың көне беттерінде көмескі із сақталса – ол қазақтың ізі. Қобыз сарынының қоңыр үнінде, домбыраның күмбірінде үн сақталса – ол қазақтың үні. Сөйтіп, жер – анада ізі қалған. Күннен жарық, айдан сәуле тараса нұрына алақан тосқан да қазақ. Соның бәрі кейінгі ұрпақ үшін, адам үшін.

                                    Отырғыза кетейік ақ шыбықты,

                                    Терек өссін ақ балтыр, ақ шұлықты.

                                     Біз болмасақ қызығын ұрпақ көрсін,

                                     Қызғанбайық адамнан жақсылықты,-

деп жан сырын жария етеді.

Қатпар – қатпар қалың, жазылмаған тарихтың жыры, еңселі елдіктің естісі,  кезіндегі кемдіктің де көрінісі болған – қазақ. Қазағы – қазынасы, қазағы – маңдай кірер қазығы. Қуанышы да қазақ, қайғысы да қазақ. Батырлықтың да үлгісіне лайық қазақ.

Даналықтың да, балалықтың да аясына сыйымды қазақ. Жалтаңдайтын да қазақ, талтаңдайтын да қазақ. Қит еткенге қызынатын да қазақ, бұлт еткенге бұзылатын да қазақ. Беруден алдына адам салмайтын да қазақ. Бүлінгеннен бүлдіргі алмайтын да қазақ. Көрінгенге көңілшек те қазақ, етектегіге еріншек те қазақ. Буынсыз жерге пышақ салатын да қазақ, сұрағанын алатын да қазақ. Жері үшін тірескен де қазақ,  Желтоқсанда күрескен де қазақ. Айтқаныңды құп алатын да қазақ, Жұбан айтса жұбанатын да қазақ. Сөйтіп, абырой  намыстың отын іздесең, қазақтан ізде, Жұбаннан ізде.

Абыройын аршып жан даттатпайды,

Жұдырағы жылдамға жат батпайды.

Жығылуы да күштіден күрес заңы-

Қазақ бірақ басыннан аттатпайды.

Аттағанмен өлгенше алысады,

Болсын әлде болмасын арыс әлі.

Ер жігітке ең қымбат тірлік емес

Анасының сүтіндей намыс – ары, -дейді. Ақынның ақ адал шындығына нанбай көр. Көріпкелдігіне күмән келтіре алмастығың анық. Сөйтіп, Жұбан жыры – әлемдегі қазақ деген елдің елшісі, әдемі айнасы.

 

К.С.Төлепбергенова

Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі

мен әдебиет пәнінің мұғалімі                                  

 

        Қазақ әдебиетіндегі ақындық пен азаматтық тізгінін тең ұстаған тұлға

Қазақ халқы қай кезеңде де ақындық пен батырлықты қатар қойған.

Демек, қол бастаған батырлары ақын, халқын сиқырлы сөзімен соңынан ерте білген ақындары батыр болған. Жұбанның бойында осы екі қасиет қатар өріліп жатты.Басқа зиялылар руы түгілі, ұлтының кім екенін айтуға жасқанып жүрген сол бір тұста «Мен - қазақпын!» деп, жарты әлемге жар салған дарынды ақын Жұбан Молдағалиев есімін ерекше ардақ тұтуымыз орынды. Бұған Жұбан жұлдызының тек жырда ғана емес, оның ешкімге жалтақтамайтын өр мінезі мен көкірегіне келгенді құйып салатын ақжарма турашылдығы да мәжбүр етеді бізді. Ал ақынның осыншама өр мінезді де турашыл болуына табиғи таланты мен өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі сәйкес келуі себепкер болса керек.

Жұбанды ақын еткен де, батыр еткен де – Далаға деген махаббат. Дала – Жұбан Молдағалиев өлеңдерінің негізгі лейтмотиві. Ол үшін дала – кір жуып, кіндік кескен туған жері ғана емес, ұғымға ұлылығымен ұялаған Отан –Ана, Атамекен – дүниедегі ең қастерлі алтын ұясы.

Қазақ елінің отарланғанына екі жүз жылдан асып кеткен сол кезде «орысша оқыған ғана адам болады», «орысша оқыған ғана мәдениетті» деген сыңаржақ әрі негізсіз түсінік салдарынан ана тілін менсінбеуге, өзінің қазақ екенін айтуға намыстанатын, қазақ болып туғанына қорланатын, соның салдарынан туған халқын сатып жіберуге икемделгендер бой көрсете бастаған шақта, қазақ халқының жер бетінен жойылып кету қаупінің нышандары белгі бере бастаған кезде, самсаған ақындардың ішінен Жұбан Молдағалиевтің суырылып шығып, «Мен – қазақпын!» деп саңқылдап, өр дауыспен үн қатуы ақындық, азаматтық ерлікке барабар еді.

                              Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

                              Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

                              Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

                              Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,

деген өлең жолдарынан-ақ ақынның қазақтық азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз. Өзінің «қазақ» екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы – оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз.

Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді. Ақын қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп, беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақтана, асқақтата жырына қосады.

                            ...Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,

                            Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.

                            Сансыз басты диюдай сан тіріліп,

«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым, - деп, оқырманды жігерлендіре түседі. Ерлік, қарсылық, күш, қуатты жырға қосып, «құласа да қайта тұрып» өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, дауысымен қуана, шаттана жеткізеді. Енді бірде қазақтың ән – күйінің құдіретін өзгеше бір үнмен суреттейді:

                        ...Күй емес пе, ботасыз нар идірген?

                           Ән емес пе, аққудай жар ілдірген?

                           Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?

Олар барда қалайша тарылды іргем? – деп, қазақ халқының ән-күйі мен жырының өзіндік ерекшелігін, даралығын паш етіп, мұндай өнері бар халықтың ешқашан мойымайтынына үлкен сенім артады. Поэманың келесі бір шумағында ақын:

                            Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,

                            Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.

                             Кең далаңда керіліп, атыңды атап,

Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді .... – деп, қазақ халқына жаңа заманға сай болуға, еркіндікті, елдікті, бірлікті сақтауға үндейді. Елі үшін құрбан болған Әлия, Мәншүк, Төлегендерді жырына қосып, олардың ерлігін, олар бастаған жол, халық бақытыныңтүп қазығы болғанын суреттей отырып, олардың ісін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ екенін мақтан ете жырлайды. Мерейі өскен бүгінгі бақытты халқымыздың қуанышы жыр боп төгіледі. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, осы азаттық жолындағы «мың өліп, мың тірілген» кездерді еске алғанда ақын арманы поэма шумақтарынан анық байқалады.

                               Ұлы аманат етейік еркіндікті,

                               Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті,

                               Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең.

«Қазақ болу – зор бақыт»дер күн тіпті... – деген өлең жолдары бүгінгі «егемендікті» жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді, қазақ елінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдей түседі.

Жарық дүниедегі ең ардақты – Отан, ең қастерлі – ұлт деген ұлы сезімді бойына ана сүтімен бірге дарытқан ақын-азаматтың сенімі мен сезімі, оттылығы мен ой-арманы әрбір жырында белгі береді.

Тұтқында азап шексе де, мойымаған, қайтпас қайсар, жалынды жас ақын Мұса Жәлел туралы жазылған «Жыр туралы жыр» атты дастанынан қиял қанатын, жас өмірін жалын шалса да, мерт боларын айдан анық біліп тұрса да, бас июді, Отанын сатуды ойына да алмаған нағыз хас баты жастың табиғаты, талмас, арымас қуаты танылады. Өз өлеңдерінде ерлікті, туған еліне деген махаббатты жырлаудан бір тоқтамаған, осынау асыл арман, нұрлы мақсат жолында алдынан қандай қиындық тап келсе де, қандай қанқұйлы тажалдан да тайынбаған өр кеуде, от жүректі ақын Мұса Жәлел түрмеде қанмен жазған жырларында «мың жастығым болса да, осы жолға арнар едім» деген ойды тайсалмай айтады. Ақынның осы ойына, өршіл рухына тағзым еткен Жұбан Молдағалиев дастаны – ақын туралы ғана емес, жыр туралы, жыр арқылы адамзатқа, азаматқа арналған сыр туралы толғаныс. Мұндай ерлікті жасай алатын өр ақынның ғана қолынан келері сөзсіз.

1986жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде сол тұстағы басшылықтың алдында айбынбай, темір тәртіптен тайынбай, жастарға жаны ашыған, темір тізгінге қарсылығын, аяулы асыл сөзін ең алғашқы болып, ашына айқын айтқан Азамат – отансүйгіш осы Жұбан Молдағалиев болатын. «Өрт сөндіруші машиналарды – су атқылағышты, арсылдаған иттерді, рәзіңкетоқпақтарды айлалы арандатудың құрбаны болған жас жігіттер мен қыздарға қарсы ойланбастан асығыс ала жүгіруді қостаймын десем, онда өз арымның алдында, ақ-адал болмас едім. Мен осындай  ұят оқиға және оның артынша не болғанын естігенде жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім»,- деп Колбиннің алдында тайсалмай сөйлеу ақынның ұлтын сүйген нағыз ұлтжанды азамат екенін тағы бір дәлелдегендей.

Өз уақытының тынысымен ғұмыр сүрген азамат ақын Жұбан Молдағалиев поэзиясында нәзік сыншылдық та, азаматтық асқақ үн де, тереңнен ой тартқан пәлсапашылдық та, өткір сынмен суарылған сатиралық нақыштар да кездеседі.

Қандай тақырыпқа қалам тербесе де, оны шынайы сезіммен суреттей білетін сыршыл ақынның, әсіресе, сөз қолдану тәсілдері мен қазақтың мақал-мәтелдерін поэзияда пайдалану әдістерінің өзі бір ғылыми еңбекке жүк боларлық. Оның лирикалық өлеңдерінде де, эпикалық шығармаларында да халық арсына кең тараған мақал-мәтелдерді шебер қиюластырып, ұтымды пайдаланып отырады. Тек «Жесір тағдыры» поэмасының өзінде ғана отыздан астам мақал-мәтел кірістірілген. Олардың бірқатары «Ашынған Алласын қарғайды», «Түсі жылыдан түңілме», «Қайыра шапқан жау жаман», «Шешінген судан тайынбас», «Күрмеуге келмес қысқа жіп», «Әңгіме бұзау емізер» деп, өлең ұйқасына қарай бірер сөздің орнын ауыстырғанымен, негізінен, сол қалпында пайдаланылса, енді бірқатарының арасына автор сөзі енгізіліп, бірақ мағыналық жағынан поэманың жалпы мазмұнына мән беріп тұрады. Мысалы, «Бастан құлақ садаға», «Отымен кіріп, күлімен шығу» деген мақалдардың тұтас шумаққа тірек болып тұрған сәттері де бар.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                           

                                    «Ол барда залым Жабас бай,

                                      Түскен-ді мықтап сабаға.

                                      Жүретін жерге таласпай,

                                      Бастан, -деп, -құлақ садаға»

немесе:

                                     «Өзім де Жабас күңімін-

                                      Сыпырғыш, кетпен, шоты – мен.

                                      Шығамын қоқсық күлімен,

                                      Кіремін бықсық отымен».

Жұбан мақал-мәтелдерді іріктеп, кейіпкерлерінің характерлеріне қарай екшеп, олардың образын аша түсу жолын да өте тиімді пайдаланады.

                                        «Іріген сондай ауыздан,

                                        Шіріген сөздер шығады.»

                                        Жабастай шірік қауыздан,

                                        «Сынықтан өзге жұғады».

Бетің бар, Жүзің бар демей, шындықты беткеи айту ақын турашылдығы.

Әйел-ана тақырыбының Жұбан творчествосында ерекше орны бар.

Ана, жар, әйел сыйлай білген азамат ақын «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген белгілі өлеңінде тарихтың тәлкегіне көне жүріп, небір қиыншылықты басынан өткізсе де аналық бейнесін сақтаған әйелді дүниенің бар салмағын көтерген жермен теңестіреді. Сондай-ақ, Ж.Молдағалиев поэмаларының ішіндегі ең көлемдісі болып есептелетін, марқұм анасы  Зеріпке арналған «Жесір тағдыры» атты шығармасында:

                                       Дұрысы күмістей дер шашын адам,

                                       Ақ жүзі әлдеқайда ашық одан.

                                       Күмісте салқын сәуле дірілдесе,

                                       Анадан айнала күн шашыраған,-

Кейіпті Айша әженің өмір жолы арқылы қазақ даласындағы әлеуметтік-тарихи теңсіздіктерді, жағдайларды көз алдымыздан өткізеді.

Ақынның әйел-анаға деген, жарға деген сыйластығы өз анасына деген сыйластығынан, сүйіспеншілігінен бастау алады. Ол туралы ақынның жэары былай дейді: «Бізді 1947 жылы туыс бір апайымыз таныстырған» Жұбанның анасының өтініші бойынша. Анасы мені бір көргеннен ұнатыпты. Баласына: «Ештеңені білмеймін, осы қызды аласың» деген талап қойған. Жұбақаң да мені ұнатса керек, екі сөзге келместен сөз салды. Денесі сымдай тартылған, үстінде әскери киімі бар жігітке менің де көңілім бірден ауды. Оның жанындағы досы Сағынғали: «Ой, мына Жұбан – жас ақын. Келешегі бар, етегінен ұстасаң, қор болмайсың. Тек анасын күтсең болды» деп құлағыма құя берді. Қаланың қызы болғандықтан, қазақшаны онша білмеймін. «Келешекте» не болатынын түсіне алмадым. Әйтеуір, түсінгенім – «анасын жақсылап күту керек». Сөйтіп, 1 аптанын ішінде апыр-топыр құда түсіп, Жұбақаңның ауылына келін боп аттанып кеттік. Ешқандай кинотеатрға бару, «сүйдім-күйдім» деген махаббатсыз-ақ. Осылайша 40 жылға жуық отастық.»

Бір өкініштісі, біз замана шындығын тарихи тұрғыда ақтарыла жырлаған ақиық ақынды тек бір қырынан жазып жүргендейміз. Оның шығармашылығы туралы және турашыл мінезі жөнінде шолып-шолып айтамыз да асқақ адами қасиеттерін ашып көрсете алмай келеміз. Сондықтан ақынның осы бір қырын көзін көргендердің, дәмдес, тұздас болғандардың естеліктеріне сүйене әңгімелесек.

Тіл мен ұлт мүддесін қорғағандардың бірі және бірегейі ретінде өзіне де талай «таяқ» тигені туралы жары София Мәлікқызы Молдағалиева былай дейді: «Қай  жерде де тіл мен ұлттық мүддені ашық айтатын.

Қазақ балабақшаларын көптеп ашу, мектептердегі қазақ тілі сабағының ауқымын кеңейту мәселелерін жиі көтеретін. Ол кездері орыс тілі аптасына 10 сағат болса, қазақ тіліне небәрі 1сағат қана бөлінетін еді ғой. Орталық Комитет мүшелерімен, Қонаевтың өзімен жиі әңгімелесетін. 1953 жылы «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүргенде қазақ тілі мәселесін көтергені үшін Сырбай Мәуленов екеуін қызметтен босатты Жұмыссыз қалдым екен деп сағы сынған жоқ. 1966 жылы тағы көтерді. Жоғары оқу орындарынан қазақ бөлімдерін көптеп ашу жайлы да жиі айтатын. Жұбағаң жағымпаздарды, жалтақтарды, өтірік айтатындарды ұнатпайтын еді .»  

Ал Ақжайықтың  Ақшағаласы Ақұштап Бақтыгереева:  «Жұбан Молдағалиевтың өзінің 60 жасқа толған мерейтойын Ақ Жайық өңірінде өткізіп қайтқан беті болатын. Ағамыздың осы бір қуанышын бөлісуге біз де сол үйге барған болатынбыз. Ақын көңілді екен. Ол бізге туған ауданының хал-жағдайын, ел тынысын әңгімелей отырып, жерлестері сыйға тартқан қаракөл қозылардың терісінен қиюластырып жасаған өз бейнесін көрсетіп, балаша мәз болғаны ба. Осы сәт ойында ештене жоқ София жеңгей әлгі бейнені бізбен бірге тамашалап тұрып, «мұрыны сәл ұқсамай кеткен бе»,-деп қалсын. Ағайдың жадырау жүзі тез өзгеріп, «елім берген сыйлықты сынауға қандай хақын бар, не деп тұрсың өзің»,-деп зайыбына зекіп қалғанда, оның үніндегі кейістікке біздің де тіземіз қалтырап кеткендей  болды. Сөйтіп, туған жерге деген қасиетті ұғымға дақ түсірмей өткен ақын сыйына да сын айтқызбады. 

                                   Туған жерді анам демей не дейін!

                                   Туған елді панам демей не дейін!

                                   Сол арқылы асқақ менің ән-жырым,

                                   Сол арқылы биік менің мерейім,-

деп Жұбан ағайдың өзі айтқандай, оның сөзі мен ісі, жыры мен өмірі егіз екеніне өз басым осы жолы куә болған едім. Туған жері сыйлаған бейнеде кемшілік көрінбейді, оны сынауға дұшпаны түгіл, аяулы қимас жардың да хұқы жоқ екен. Туған жер ақын үшін Отан деген ұғым. Оны қалай сүю керектігін ол желтоқсан оқиғасындағы жүрек жарды сөзімен де дәлелдей түсті емес пе? Оған дейін: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» –деп жар салғаны да баршаға аян. Ол да туған елді сүю сезімімен туған жан айқайы. Иә, ақынның сенімді жарына деген сезімімен де биік, теңдес жоқ, тіпті өз ғұмырынан да қымбат нәрсе-туған ел! Сол туған ел тағдыры үшін бәріне даярмын деп жырлаған ақын бұл сөзін ісімен де дәлелдеп өтті»,-дейді.

Бисен Жұмағалиевтің естелігіне тоқталсақ: Жұбанды жастайынан, мектеп табалдырығын аттағаннан білетіндердің бірі мен едім. Ол мектеп қабырғасында кейбіреулеріміз сияқты өлеңнен тақпақ оқып немесе ән салып көзге түседі. Өзінің қарапайымдылығымен, балалар арасындағы ұрыс-керіске қатыспай, ұяң ғана өз жәйіне жүретіндігімен ерекшеленуші еді. Біз оның жарқын болашағына сенетінбіз, бірақ үлкен ақын болады деген түсімізге де енбеген.

Тұрмыс қиыншылықтарын  бәрімізден дерлік көп көрген Жұбан Орал шаруашылық техникумына  оқуға түсті. Ел адамдары «шаруаның баласы еді, білім алып қайта оралып, колхозымызда мал дәрігерлік жұмысын жолға қоюға көмектеседі» деп, зор үміт артып жүретін.

Талант түрлі деседі. Біреулер талант ана сүтімен дариды да, өмір бойына иесін тастамайды десе, талант-талапты да дегенді де естіп жүрміз. Әлбетте, талант қайсар да, қажырлы адамды, ерінбейтін еңбеккерді аттап өте алмайтын болса керек. Жұбан Молдағалиев осындай.

1986 жылдын желтоқсандағы оқиғалардан кейін бірқатар белсенділер өз ұлтын ғайбаттап, қыршыннан қиылған боздақтарды бұзақылар деп айыптап жатқанда. «Әй, әлгі қазақ Жұбан қандай, ол енді қайта тығылар екен?» деушілер болды.  Ақынның жанын қинаған осындай бейбастықтардың сөздері емес, сол қанды – соққыны көруге тағдырдың жазғаны еді. Жазушылар Одағына Қазақстан Үкіметінің жаңа басшылары түгел келіп, қаламгерден  істеген  қылықтарына қолдану талап еткені анық. Ондай шараларда бұрыннан белгіленген «шешендер»алдымен көтерілетіні белгілі. «Қолдаймыз», «Айтқандарың дұрыс-ау», «Қатаң шара алынады» деп, бірталай жазушылар «міндеттерін орындап», сахнадан түсіп те кетті.

Сахнаға Жұбан көтерілді. Зал іштей тынып қалды. Ұзақ тыныштық орнады. «Қазақ Жұбан не айтар екен, көрейік сабазды» деп қалғандар да болды. Ақын ше, ақын саспады. Қсқая қарап, залға да, «жеңімпаз» болып келіп отырған Республика басшыларына да өз ойының тұқ етерін айтты. «Талайды көрген басым, мынадай озбырлықты көрем деп ойламаған. 15-16 жасар қазақ қыздарының бұрымынан тартып, қарға жығып, сүйреп, солдат күректерімен басын жарғанын көргенше, кешегі алапат соғыста неге өліп кетпедім екен. Ел үшін жанын пида еткен батыр Мәншүк пен Әлияның сіңлілерімен бұлай қорлаушылар қалай жер басып жүреді».

Жұбанның сөзі жарылған бомбадай әсер етті. Ақын қазақты жылаушы ғана емес, өзі нағыз қазақ екенін бүкіл елге паш етті.

Қазір Жұбаннан кейін мен де осылай сөйлеп едім деушілер баршылық. Бірақ, олардың сөздері Жұбанның сөзіндей «іштегі күйікті, осыпе кете алмады».

Жалпы естеліктерден тағы бір байқағанымыз, Жұбан атамыз 40 жасқа толғанға дейін ауыл жаққа көп алаңдамаған. Бұл, біріншіден, адуын жастығы болса, екіншіден, материалдық жағдайы мүмкіндік бермеген сыңайлы. Ал алпысыншы жылдардан бастап ел жаққа жиі келген.

Мұндай сәттерде ол бала кезде  бір мектепте оқыған  және Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бірге кешкен Бисен Досқалиев, Тәттібай Сұлтанғалиев, Сабай Ниязов, Есләмғали Бисекешов сынды қатарластарымен кездесіп, сол бір қимас кездер туралы естеліктер айтысқан. Сонымен бірге, ол күннің ыстық-суығына қарамастан малшылар ауылын, пішеншілер бригадасын аралап, еңбек адамдарымен жүздескенді ұнатқан. Мұндай жүздесулер кейін жыр жолдарымен өрнектеліп жатқаны белгілі.

Сондықтан да Жұбанды ақындық пен азаматтықтың тізгінін тең ұстаған тұлға деуге толық негіз бар.

Алайда, біз бүгін ақиық ақынның бүкіл болмыс-бітімін түгел ашып көрсеттік дей алмаймыз. Оның ақындық келбеті де, азаматтық ажары да, жоғарыда айтқанымыздай, өз шығармаларынан айқын аңғарылып тұрады. Ақынның өлең өнеріндегі ақпа таланты мен Отанға, туған жерге деген адал махаббаты да, табиғатқа, қоршаған ортаға деген ыстық ықыласы мен дос-жаранға, тума-туысқанға деген  ақжарқын көңілі де сол поэзиясында.

Ш.Жиесова

М.Әуезов атындағы орта жалпы білім беретін

мектептің тарих пәнінің мүғалімі

«Әр өлеңі ұлт рухын оятқан»

Жұбан Молдағалиев көп поэмалар жазған ақын. Поэзияда қанша еңбек етсе, соның қақ жартысы поэмаға арналған деуге болады. Оған дағдыланған, шеберленген ақын.қай ақын болса да, сан алуан тақырыпты сан түрлі жанрда –бірде өлең, лирика түрінде, бірде ұзақ хикая, жыр, поэма түрінде –меңгеріп, шешуге ұмтылатыны белгілі. Ол поэманы көп және әріден жазған. Оның алғашқы поэмалары «Нұрлы жол», «Қызыл галстук», «Қиял қанатында» 50-жылдары балаларға арналған әдебиет бәйгесіне қатысу мақсатында жазылған. Оларда ақын жастарға патриоттық тәрбие берер ойлар айтып, жаңа ұрпақты еңбекке баулудың проблемаларын көтерді. 70-ж.ортасында ұзақ-ұзақ үш поэма жазған. Олар «Қыран дала» (1974) -1250 жол, «Сел»(1975) -1600 жол, «Байқоңыр баспалдақтары» (1977) -2100 жол. Мұның «Қыран дала» мен «Сел» поэмлары үшін ақынға КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Жұбанның эпикалық талантының жаңа қыры «Жыр туралы жыр» (1956) поэмасынан басталады. Бұл – татар халқының батыр ұлы және ақыны Мұса Жәлелдің фашистер тұтқынында өткен өмірі мен ерлігі туралы. Ол өзінің соғыста өткен азапты өмірін еске алды. Мұса өмірі негізінде Жұбан өткенге жаңаша қарап, адам бойындағы биік рухтың асқақтығын,  адам өлгенмен, рухтың өлмейтінін көтере жырға қосты. Осы эпиктік үлгі кейін «Жесір тағдыры (1961) атты тартысқа құралған поэмада көрініс тапты. Мұнда 20-ғасырдың адам басына салған азабы мен қуанышын Айша атты қазақ әйелінің бейнесі арқылы ашты. өмірден ерте қағажу көріп жесір қалған, балаларымен Жабас байдың қол астында күнелткен Айшаның конфискация мен ұжымдастыру тұсындағы және соңғы дәуірдегі өмір үшін күресі мен жалғыз ұлын жеткізу жолындағы тартысты тіршілігі поэмада шынайы бейне тапты. Сол Айша сан алуан қиындықтың бәрін басынан кешіріп, теңдікке қолы жетіп, ақыры ұжымшар бастығы дәрежесіне көтеріледі. Бұл поэмада өмірбаяндық жайлар бар, яғни сюжет арқауы етіп ақынның өзі туып-өскен өлкенің, Құл руы елінің тағдыры алынған.

Жұбанның ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әлемге мойындатқан шығармасы – «Мен қазақпын» (1964) поэмасын публицистикалық поэма деу қажет. Қазақтың ұлттық сипатының қалыптасу жолы –оның ерлік дәстүрі, рухының жоғарылығы, елі мен жері, оның байлығы, адамдары жайлы жырлайды.

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде табыстым мұң тілімен

Жылағанда жүрегім күн тұтылып

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген. Мұнда белгілі бір фабула, сюжет болмаса да, ақын тарихи оқиғаны жырлап отырғандай.

«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген лейтмотив, қайырма бүкіл халықтың жүздеген жылдар бойына бастан кешірген мүшкіл халін білдіреді. Ауыр, азапты күндер, шапқыншылық, өнімсіз, митың тіршілік, белгісі жоқ күндер мен жылдар жайлы айтылғандай.

Мен қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сыйдырар даланы мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген,

Дәуірлермен құрдаспын, даламын мен.

Осындай боп білмеймін кімнен тудым,

Бәлки қайсақ, бәлки бір күннен тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым»,

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Поэманы публицистикалық шығарма дейтініміз мағына жағынан терең шындықты кесек, құдіретті сөздер күшімен мойындау, пайымдауы мол болса, пафосы, тасып төгіліп жатқан асқақтығы жағынан пәрменді, отты. Поэма дүниеге келгеннен кейін сан рет радиомен де, концерт залы сахнасынан да оқылғанын білеміз, әлі де солай. Осы өлеңге ән жазылып, сахнадан айтылып та жүр. Поэма кәдімгі төрт жолды он бір буынмен жазылған, байырғы белгілі өлшем. «Мен-белеспін, мен-октябрьмін, көзім басыр болса да, ойым көргіш, Түрксіб боп төселдім поездарға, тамшы болдым, шық болдым, дән де болдым, Мен –Жамбылмын, мен –Москва, Жиырма сегіз, Мен - Әлия, Мен –Мәншүк, мен –Төлеген» дегендей бейнелі теңеулермен, метафорамен бүкіл тарих айтылып тұрғанын сеземіз.

«Қыран дала» поэмасы ақынның өлең, лирикада талай көрініс тапқан дала, ауылды жер, берекелі ел іші деген ұғымдарды, ондағы өскен, өнген жандарды білдіретін, өзі сүйіп жырлайтын тақырыптың апогеясы, яғни шарықтап көрінген түрі деуге саяды. Тың жерді игеруге қатысқан, соған ат салысқан Тыңбай атынан жүріп отыратын хикая жаңа бастамаға байланысты бекіп, нығая түскен халықтар достығын, олардың бірге бас қосқан табысты еңбегін көрсетеді. Басты кейіпкердің өзі туралы баяндауы шығарма желісі болып тұр. Тыңбайды беларусь қарты асырап өсірген екен. Беларусь қарты төңкерістен бұрын-ақ қазақ жерінде болғанын, ауып келген орыс, украин, беларус мұжықтарына қазақ даласы пана болғанын айтып, ілгері тарихи шындықты біздің көз алдымызға елестетеді. Поэмада даланың қаталдығы, қыста бораны мен аязы қысқан, жазда ыстық аптабы күйдірген ауыр күндер мен түндер жайы, сол қиыншылықтарды жеңуге бастаған халық ерлігі кең, терең жырланады.

О дала, ойқой дала, өркен дала,

өңкей бір шілдехана өлкем дала!

Білмеймін неге сені теңерімді,

Кең дала, керік дала, көркем дала!

Қазақ даласының қырын да, сырын да білетін, әрі оның қан мен жанға сіңген тіршілік түбірі, тірлік төркіні екенін терең ұғатын ақын, сол ен далаға, кең далаға гимн, ода айтқысы келгендей. Жалпы, «Қыран дала» поэмасы осылай ұғылғанда ғана өз бағасын алады. «Қыран дала» дегендегі эпитет толық емес сияқты көрінеді. «Қыранды дала» емесп пе дегің келеді. Орысшасы «Орлиная степь» болған соң, сондай ой туады. Бұған ақынның өзі былай дейді:

Қыран деу – қанаттысың дегенім ғой,

Әйтпесе тең келер ме қыран саған?

Ақын мұнда даланың қыранды екенін, онда қыран ұшатынын айтпайды. Даланың өзін қыранға теңейді, қыранға балайды екен, яғни даланың өзі қыран, қанатты дала. Бұл поэма Қазақстанның ауылдық жайын, өркендеген, көркейген жайын, адамдар еңбегін көрсеткен сүбелі, поэма, дастан деп танылатын шығарма.

Алматы тарихында 1921 жылғы селден кейін немесе 1963жылғы Есік көлін жойып жіберген топаннан кейін, орасан қауіп әкелген 1973 жылғы сел 1975 жылы шыққан «Сел» поэмасының мазмұнына арқау болды. Шығарма түгелдец сол күндер мен түндердің аласұрған күрес сағаттарына, ессіз жауға қарсы біліммен, техникамен қаруланған адамдардың күресіне арналған. Мұндай оқөиғаны көркем шығарма қалай суреттеуі мүмкін. Олай болды, бұлай болды десе – ол жай баяндау болып шығар еді. Ақын ойға, суретке ерік береді. Сол жайттардың қалпын, түр-түсін көз алдына келтіреді. Ақынның шеберлігі де, шыдамдылығы да бұған жеткен. Бүгін де біз апат селдің бейнесін осы поэмадан көре аламыз.

Жетті кеп санаң ұққанша,

Кезекті демін, шыққанша.

Бүлк етіп тамыр соққанша,

Бұрқ етіп терді сыққанша.

Көргендей жауын аңдыған,

Жұлқынды жүрек, дір етті.

Секундта көзі алдынан

Сұрапыл сурет дүр етті.

Ақын егер тоғанды бұзып өткен сел қалаға келсе, не болар еді, қандай күйге жұрт душар болар еді деген ретпен елестетеді. «Тау бұзып тастардың сеңі өткен, бәрін де шерлі еткен, жер еткен» сурет шығар еді. Басшының көз алдынан елу жыл бұрынғы сел елестеп кетті. Тайыр Жароков жырлаған тасқынға қарағанда, бұл тасқынның беталысы жаман, қауіптірек, бірақ күш пен техникада басқаша, ондағыдай құралақан емесспіз. Осындай лирикалық шегіністерден кейін, тікелей тоған үшін күрес жайы баяндалады. Тасқын суретін ақын былай береді:

Мың –мың айдаһар есілгендей

Мың-мың айдаһар көсілгендей

Бұралаңдап,

Шұбаландап,,

Ирелеңдеп,

Сүйрелеңдеп,

Мәңгі мұздан,

әлгі құздан,

лықсыған

тұйық судан

күркіреп құлап келеді,

дүркіреп құлап келеді.

Бұл суреттен және поэманың ұзына бойына қайта орала соғып, сел кейпін бейнелей көрсетіп отыратын жолдардан сұрапыл оқиғаның кейпін аңғарамыз.

Сөзіміздің басында айтқандай, сел туралы дастан осындай қоғамдағы адам орны туралы, оның ақылы мен санасы туралы толғаныс, ода.

Жұбан Молдағалиевтің поэма жазудағы машықтығы өзгеше – оның ақындық тұрпат-тұлғасына сай. Қазақ әдебиетінде поэма жазбайтын ақын жоқ та шығар.

Оның поэмалары көбіне нақты оқиғалардан біраз аулақ, ал нақты батыр, қайраткер тұлғадан мүлде қашық жайларға бағышталады. Тек «Жесір тағдыры» мен «Сел» ғана нақтылы өмірді, нақтылы оқиғаны алғандай. Ал басқа поэмалары түгелдей дерлік лирикалық толғаныстарға құрылған. Оның ең биігі «Мен қазақпын» поэмасы.

Жұбан шығармашылығын тұтас алып қарағанда, соңғы ширек ғасырда оның ірі тұлғалы ақын болып қалыптасқанына қол қоямыз. «Қазақ» өлеңінен «Мен-қазақпын» поэмасы туғаны сияқты, басқа көптеген өлеңдерінен басқа көптеген поэмалар басталғаны сияқты, ақынның өзі де өмірінің ақырына дейін иірімі мол поэзия ағымымен бірге келді.      

Жұбан Молдағалиев – қазақ қаламгерлерінің қатарына ұлы Отан соғысы жылдары келген ұрпақтың ірі, талантты өкілдерінің бірі еді. Сондықтан олардың жырлары ерлікке, отан сүюшілік сезімге, жеңіске деген сенімге толы келеді. Бұл ерекшеліктер Жұбанның 1949 жылы шыққан алғашқы жинағы «Жеңіс жырларынан» танылатын. Ол кезде Жұбан әлі 29 жаста екен. Сөйтсе де ол алғашқы өлеңінің ауқымынан алыстап, ұзаққа кеткен. Оның үстіне оқ пен оттың жылдары. Бірақ сол оқ пен от арасында өлең де жазылды.

Бұл жайт ақынды бірден ересек етіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға алып барады. әрине, қалам тартысы әлі жастықты аңғартқанымен, бірақ айтып отырған пікірі өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Шығыста туған елім бар», «Жеңімпаздар сәлемі» деген 1942-1945 жылдары жазылған өлеңдерден осы жайды аңғарамыз. «Жеңіс жырларына» енген осы және басқа өлеңдер, жырлар ақынның ойлы, қоғамдық мән-мағынасы биік поэзияға ұмтылатынын байқатады. Мәселен, лирикалық өлең деп айтатын жас жанның ішкі көңіл-күйін сездіретін шығармаларының өзін алып қаралық. «Солдат сыры», «Ғафу ет, сұлу бойжеткен», «Баурына бас хатымды», «Сағындым, Жайық», «Махаббатты таңдасам», «Мәмилаға сәлем хат» және басқа майдан шебінде туған лирикаларында ақын өлеңге ат болған ұғымдар төңірегінде қалмайды. «Қан майданда жүр солдат, қамы үшін туған елінің», қалтада жүріп тер сіңген хатымды жиренбей оқы, «қадірі мол қасиет бар солдаттың ащы терінде» деп, өмірдің ащы шындығын білдіретін өлең жолдарын жолдайды. «Ғафу ет, сұлу бойжеткен» өлеңінде «Сендік емес жүрегім, кеңес қызын сүйемін», әйтпесе, «Сүйеді кеңес қызын менің жаным» («Солдат қызға») деген жолдар ақындық биік тапқырлық болмағанымен, сол сәттің жай-күйін аңғартатын, соғыс жорығымен көп ел-жұртты, оның адамдарын, ұлы мен қыздарын көрген лирикалық кейіпкердің, әсіресе, елін сағынған, елдегі жарын сағынған жанның қалпын танытатын жолдар. соғыстан кейін жазған "Махаббатты таңдасам" (1947ж) деген өлеңінде сүйген жар, ана, ер, елге арнаған махаббаттарын айта келіп, "ғашықтың жүрегімен халқын сүйген кеңестің ардақтаймын азаматын" дейді. "Қазақ" деген өлеңін 1943 жылы жазған. Осы туындыға, жас қаламның алғаш толғанысына назар аударсақ, әлгі ер жету, есею, яғни ерте жетілу дегенді анық көреміз. біріншіден, ой, ұғым тереңдігін, түсінік молдығын аңғарамыз. нанымды, сенімді сөз-ұғымдармен ақын бұл жайды сәтті ашып көрсетеді. ел, ер салты, батырлық дәстүрі ашылады. көлемі онша үлкен емес өлеңде бұрынғы салт пен қазіргі сипатты байқататын көптеген ой-тұжырымдардың басын қайтарады. отаншылдық сезім билеген, батыр халықтың батыр ұлдарының ерлігін мақтан еткен ақын ой оятып, бой сергітерліктей жыр жолдарын төгеді. екіншіден терең мағынамен қатаршеберлік жайын сезінеміз, Ақын жалаң ұран-ураға ұрынып кетпейін дегендей, өленің шағын сюжетке, фабулаға құрады. атыс-шабыстың бір толастаған кезі болуы керек, екі қазақ ұшырасып қалып, бір-бірінен: қазақпысың, деп сұрайды. Әңгіме осыдан басталады да, "қатал пішінді, сом денелі, қос орденді" жігіт "қазақты әлі білмейтін наданға" қазақтың кім екенін тарихтан айтып, қазіргі Бауыржан мен Мәлікке келіп тоқтайды. ақынның көркемдік, шеберлік дүниесіне қарай қадам жасай бастағанын, жай хабарлама өлеңдермен қатар, ой, мән-мағынаны көркемдік түрге, формаға құя білетінін осы өлең анық байқатады. "Жеңіс жырларына" енген өлеңдерден де бұл жайды аңғаруға болады. сонымен, Жұбан Молдағалиев соғыс тудырған, соғыстан туған ақын деген ұғымды білдірмекпіз. қырық жылға таяу уақыт ішінде ақын тек соғыс жайын ғана жыр етті деуден аулақпыз. ол еліміздің бейбіт өмір дәуіріндегі сан алуан істерін, қарапайым адамның қалып-кейпін жырына арқау еткен, өрелі азаматтық тақырыпты меңгерген ақын болып қалыптасты. оның үстіне Жұбан тәріздес ұлы Отан соғысы тұсында өсіп, қалыптасқан ақындар көп. бірақ олардың бәрін бірдей соғыс тудырған ақын деп айта алмаймыз. мәселен, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, т.б. Жұбан сияқты соғысқа қатысып, соғыс кезінде, онан кейінде сол жорық жылдарын жырларына арқау еткен ақындар. бірақ олар шығармашылық жолын ертерек бастаған, соғыстан бұрын-ақ белгілі ақын болып қалыптасқан жандар. Жұбан болса, балғын жасшағында әскери қызметке алынып, онан әрі соғысқа қатысып, ол біткеннен кейін де әскери істен қол үзбеген. Соғыс тақырыбы оның ерекше, өзгеше немесе жалғыз ғанатақырыбы болғаннан емес, талантының туып, басталу сәті соған тура келген дгенді айтпақпыз.

«Санаттамын, саптамын» (1978ж.) деген өлеңінде жасы келген соң, есептен шығарамыз, деген әскери комиссаиатқа ақын: «Қош, военком, саған Отан –ұлы аманат, мен кеттім», дейді де, бірақ ел басына күн туса, қайда ол дер, «тіріде мен ойламаймын шығам деп еш санаттан», деп түйеді. «Жар болсын тыныштық»(1972), «Белгісіз солдат»(1971), «Бейбітшілік армиясы»(1951), «Биік ұш, бейбітшілік көгершіні» (1952), «Сен дегенде, Ленинград»(1976), «Мамай қорғаны басында»(1973), және басқа көптеген өлеңдерінде белгілі «Жыр туралы жыр» поэмасында (1956) соғыс пен бейбітшілік, соғыс қалдырған зардаптар, естеліктер жайы қозғалады, ақын өзі бастан кешкен, жақсы білетін жайды қасиеттеп, қастерлеп, ізетпен еске ала жырлайды. Соның бір көрінісі –солдат ерлігін мадақтайтын, паш ететін белгісіз солдат қабірлері, онда лаулап жанып тұрған шырақтар. «Белгісіз солдат» өлеңінде Жұбан ұлы оқиғаға лайық ұлағатты ұғым айтады:

Ол –солдат. Ол –советтің асыл ері,

Азаттық ардагері, ғасыр ері.

Оған көп маршалдар да честь береді,

Корольдер, президенттер бас иеді.

Жұбан Молдағалиев поэзиясына тән нәрсе – ой жүйесі мен тұжырым, түйін жалғастығы, яғни айтылмақ ойдың, мән-мағынаның дәл түйінін табуы, шашырамай, жалпыламай жетелеген ой-барысының жарасымды шешім табуы, өлеңнің белгілі бір нәтижелі түйінмен аяқталуы. Өлеңдерінің биіктеп, шарықтап барып, нысанаға дәл тигендей қорытынды оймен бітуі айрықша, алабөтен көрініп тұрады. Сырт қарағанда, ақынның сөз бастауынан өлеңнің немен тынатыны белгілі сияқты болуы мүмкін. Бірақ оқи келе қайсыбір өлеңі болса да, күтпеген шешіммен, күтпеген түйінмен аяқталатынын көреміз. Оқырман бұл кезде өлең немен бітерін білмей, ақын ойының жетегімен жүре береді. Оқырманды қызықтырып, жетелей отыратын осы қасиет бір ерекшелік, жиі кездесе бермейтін қолтаңба. 1966ж.шыққан «Махамбет қабірі басында» деген өлеңінде -

Жермен жексен, шөп басқан төмпешіктен

Көз ала алмай тұрмыз біз көп кешіккен,-дейді. Мұнда арманда кеткен ақын жайы, батырдың қаны төгіліп, «бармағын шайнап өткен жер, қанжығаға басы байланып, барымта болып кеткен жер» деп Қарой жерін жырлайды. Мұнда Махамбеттің өз ырғағы өлеңге еніп, ажар беріп тұр. Ақын Махамбеттің өзін сөйлеткендей, оның отты жырының үлгісін өз өлеңіне қалып етіп алып, ой мен сезімге бірдей әсер ететін толғау туғызған. Осы өлеңде Жұбанның алып отырған тақырыбына қарай, Махамбет өрнегіне әдейі барғаны жарасып-ақ тұр.

Әркім толқып, томсарып әр ойда тұр,

әр жүректе от жырдан арай да тұр.

Жырдың басын алатын күш жоқтығын,

Көзбен көріп көгерген Қарой жатыр.

Ақынның мұндағы өзіндік жаңалығы: «Осы Қарой осы жер арулап ұлын жуған жер» немесе: «қанжығаға басы байланып», деп келеді де, енді «жырдың басын алатын күш жоқтығын» көрген бұл жер деген түйінмен тоқтайды. өлеңнің басындағы екі жолға және Қаройды алғашында «аптап дала, айдала» дегеніне назар аударсақ, енді соның бәрін яғни жыр өлмейтіндігін «көзбен көріп көгерген Қарой жатыр» деп ер мен ел арманының қабысқан орындалған сәтін білдіріп тұрғанын аңғарамыз.

Жастық шақ туралы көп өлеңдерінің бірі «Қоштасу» (1970).  Дұрысында, ол жастық шақтың өтіп кетккені жайында өлең.

Кеше мен, уыз жігіт, тоя таттым

Қызығын сыз окоптың, от құшақтың,

немесе:

Әлі де ырызық көп желінбеген,

кім алды жігіттіктің желін менен,- дейді ақын. Осындай өкінулер, «жас дәурен», «хас сиқырмен арбасулар» айтылады. Көп өкініштерден кейін ақын:

Жас дәурен, қимасам да қоштасайын,

Жарасам ағалыққа, аталыққа,-дейді. Бірақ мынадай қорытынды ұсынады:

Тән емес, жан сұлуын сұрады ерлер,

Ардақтап адамдықты тұрады ерлер.

Жастық пен махаббатты жырлаймын мен,

Жырлаймын сендер үшін, мұрагерлер.

Бұл ақынның елуге келгендегі өлеңі, жастықпен «қоштасқан» кезі. Келесі «Елуден асқанда» (1972) деген өлеңінде ақын сол идеяны әрі қарай өсіргендей.

Артымда-сүрлеу сайраған,

Алдымда тың бар!

Ілгері ғана!-деймін мен,

Жүрісті үзбен.

Іздемен бақыт кейіннен-

Сүрлеуден, ізден.

Бір ауыз өлең болса да,

Алшаңдап тусын.

Бір аттар күшім қалса да,

Алға аттап тынсын.

Мұнда ақын тек өз жайын айтып отырған жоқ. Бұр әрбір адамның, тіпті ақын емес жанның да ойланар жайы. өлеңде әдемі, орынды табылған келісті философиялық жолдар бар.

Барады жас шақ алыс қап,

Күн өткен сайын.

Барады жат боп таныс бақ

Түн өткен сайын.

Көкжиек алда, артта да-

Қай жағы жарқын?

Қараймын жасқа, қартқа да-

Қайсысы жақын?

Шегінсем жүрген ізіммен

Қайтар ма жас күн?

Арамыз қашан үзілген?

Қайсымыз қашқын?

Лирикалық кейіпкердің толғанысымен ақынның басқаларға ой тастап отырғаны белгілі. өлең былай аяқталады:

Көлеңке қашан ұзарды?-

Байқамай қалдым.

Көкжиек неге қызарды?

Батар ма бұл күн...

Кейде бұлай айту да керек. Оңы мен солын, алысы мен жақыны, кешегісі мен бүгінін ойламайтын жан жоқ, кісі ертеңін, алдын ала ойлайды. Қоғамда атқарылып жатқан сан алуан істер, бастамалар, жаңа өрлеу, жаңа идеялар Жұбан өлеңдерінің желісі. Әр тұстарда жазылған «ортақ баяндама», «алтын арқа», «біз жырлаймыз», «тың туралы жыр», «дала суреттері», «тың жердің тұңғыш тұрғыны», «бәркеледі» және т.б. Орал, Жайық, Көкшетау жайындағы өлеңдерінде өзгерген өңір жырланады, оның кешегісі мен бүгіні, берекелі еңбек иелері -әйгілі, абыройлы еңбекқор жандар бейнесі суреттеледі.

«Ар-ұят туралы» өлеңінде ұят пен ар, адамдық пен езгілік жайында едәуір ұтымды, орынды тұжырымдар айтылады.өлең ақынның өз қолтаңбасына лайық көтеріңкі уағызбен аяқталады:

Қанша жан, қай заман озбасын,

Намысын қорғады барымен.

Жасаңдар, жасаймын өз басым,

Ардагер Октябрь арымен.

Адамды мадақтаумен қатар, ақын оның кейбіреулерінің осал, жағымсыз, ұнамысз, жексұрын кейіптерін де қалам ұшынан тыс қалдырмайды. Алдымен достықты, бауырмалдықты паш етеді. Сыйластықты, қайырымдылықты жырлайды.

Адамды тіріде тек бағалайық,

Ардақтап, апалайық, ағалайық..

Өлген соң өзі жайлы некрологті

Оқуға дананың да шамасы жоқ. (1973)

Тұрмайды өлгеннен соң соққан белгі

Бір ауыз жылы сөзге тірідегі.

Сонымен бірге ақын күйректікті, солқылдақтықты жаратпайды:

Қорқақтар құлдыққа көніпті,

Батылдар дауыл боп төніпті.

Өзін жеңсе, ажалды да жеңеді

Ажалдың да әлсіздері ғой сенері.

Бар әркімні өз өмір, өз мінезі

Жайылады қой ықтап, жылқы желдеп.

Дүмпуіл тауларды да төңкереді,

Осы бір қуаты ғой ең керегі.

Оқа емес жарықшағы жанап өтсе,

Қорқақтар қарап жүріп еңкейеді.

Адамның жарамсыз қылықтарын айтқанда ақын ерекше жігерленіп, ашынатын сияқты оған өзінің төзе алмайтын жай-күйін білдіргендей. «Бір жолдас» деген өлеңінде ождан мен мансап жайын әңгіме етеді, яғни мансапқорлықтың адам мінезін, құлқын қалай өзгертетінінің көрсетеді. Облыстағы бір жолдас қияннан көзі шалса болғаны, қолпаштап қолды бір қысқалы жүгіреді екен. Бір күні ол Алматыға қызметке ауысыпты:

Қонжиды астаналық бір столға,

Қуандым, білмей кенет өзгерісін.

Мен оны құттықтадым сол тұрғыдан,

Ұстап бір жиналыста қолтығынан.

Тигендей болды қолым монументке,

Қараған сұп-суық сұр зор тұғырдан.

Мұндағы «қонжиды», «монумент» деген сөздер оның желкесін үзіп тұр. Кекесін, сықақ жеткілікті, әсіресе, «монумент», «суық монумент» өте орынды табылған метафора.

«Жалақорға, күншілге» деген өдеңінде ақын осындай жандарда өші бардай, шабытана, өршелене сын айтады.

Сенен ақ сөз естімедік,

Қастық, жала қаруың.

Сүт орнына өстің бе еміп,

Әбжыланның зәруің.

Адам артықшылығын, ізгілігін жырлаған ақын, оның шерменде, пендешілік халін көргісі, мойындағысы келмейді.

Жұбан ақынның көп өлеңдері әйел қауымына, қазақ әйелінің бұрынғы-соңғы халіне, әйел-ана, әйел-жар, әйел-қарындас, қыз деген қасиетті тақырыпқа арналған. «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» (1965), «Сен бала бол енді, ана» (1958), «Түсімде көрдім, анажан» (1966), «Өзі және көзі туралы» (1968), «біз, еркектер» (1972), «Қыз сыры» (1976), «Ғашық боп өтеміз» (1976), т.б. өлеңдерінде қазақ әйелінің, қазақ қызының нанымды, тартымды бейнелерін жасайды. Жұбан ақынның тебірене жырлап, қазақ әйелінің биік бейнесін жасаған шығармасы «Жесір тағдыры» поэмасы. Жұбан ақынның өзіндік қолтаңбасын байқататындай белгілі танымал болып кеткен өлеңдері де мол. Соның бірі «Ат дүбірі» (1969). Сонымен бірге «Мен сені өлең үшін ойлап таптым» (1970), «жығайын десе мен ккім» (1970), «Көңіл» (1971), «Армандар» (1973), «тарих туралы» (1973), «Адамдар бақытты болыңдар» (1977), «Санаттамаын, саптамын»(1978) деген өлеңдері оқырманға әсер етпей қоймайды. «Ат дүбірі» ақынның өте сәтті шыққан өлеңі. Ежелден ат құлағында ойнап өскен елдің көшіп-қонысы көп атыс-шабысы да мол болған халықтың атқа деген, жылқы тұқымына деген қалыптасқан көзқарасы бар. Бұл өлең орысшаға да аудурылып басылды.

Қазақ тілі жайындағы  ойлы, сырлы өлеңдер де көңілге қонымды. «Аманат», «Қазақшадан аударылған», «Қазақ тілі» өлеңдерінде туған тіл, оның жер мен халық, сахара даламен біте қайнасқан ата мен ана тілі екенін терең толғаныспен айтады.

Ел қаруым – қазақ тілі,

Байлық та сол ата-ббам қалдырған.

Білмесін-білсін түсімнен,

Ұқпасын-ұқсын түрімнен.

Танысын дүние ісімнен,

Танысын туған тілімнен.

Жұбан ақынның поэзиясын, өлеңдерін айтқанда, оны поэмаларынан бөліп қарағанда айтарымыз-өзіндік ерекшелігі мол, қолтаңбасы айқын азаматтық поэзияны танитынымыз ақынның қай мағынадағы өлеңін алсақ та, ең алдымен азаматтық, қоғамдық жайды, адамгершілік, ізеттік жайды бірінші орынға қояды. әсіресе, көңіл күййі, шабыт, ой мен ақыл, сана мен сезім деген ұғымдарға көп барады. «Көңіл» (1971) деген өлеңінде:

Теңіздей тебіреніп тыншымайсын,

Қуансаң-көлеңкесіз күнсің, айсың,.

Қамықсаң-қамаудағы қара күшік,

Кеудені тырналайсың, ыңсылайсың.-дейді.

Көңілге берілген бірден-бір дұрыс мінездеме осы. «Шабыт»(1969), «Мен сені өлең үшін ойлап таптым» (1970), және т.б. өлеңдерінде ақын көңіл күйі, шабыт жайында үлкен аллегория, тың теңеу-суретпен тебірене айтады. «Салт пен мода» өлеңінде:

Поэзия ол –асыл—ойдың ьиігі,

Жан-жүректің қуанышы, күйігі.

Поэзия ол –көркемдік те кеңістік,

Шолақ көйлек емес оның киімі,- деген түйінмен поэзия орнын да, оған мода жүрмейтінін де байқатады.

Жұбан өлеңдерінде қандай тақырып қозғалса да негізгі ой әлеуметтік, өмір-тұрмыстық ұғымға барып тіреледі. Соңғы жылдардағы өлеңдерінде ақын ойлану, толғану, сырласу лирикасына көңіл бөледі. Жақсы мен жаман, ізгілік пен езгілік, дос-дұшпан деген сияқты адаммен егіз кесір-кесапат пен қадір-қасиеттер жайында сыр шертеді. Шалқысын көңіл шалқысын,

Жақсыға күндей балқысын.

Жаманға ысырап бомасын,

Шаттансын жер мен халқы үшін. Осы «Шалқыма» (1977) өлеңінде Жұбан басқа көптеген әр қилы, әр сырлы туындыларында көрініс берген өсу, өну, ұлғаю сияқты философиялық ой-түйінді біраз ілгері дамытқандай.

«Парыз бен міндет»

Ж.Молдағалиев қазақ қаламгерлерінің қатарына ұлы отан соғысы жылдары келген ұрпақтың ірі талантты өкілдері. Сондықтан оның шығармалары негізінен ерлікке отансүйгіштік сезімге жеңіске деген сезімге толы. Туған елге ата анаға жар мен балаға деген сағыныш сезімі олардың лирикалық жырларын 30-жылдардың патетикалық сарынына саналы түрде бас тартуға итермеледі. Ж.Молдағалиев өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен айрықша адалдығын сан рет дәлелдеген аяулы тұлға. Ол тар шеңбердегі ұлтжандылыққа бой алдырмаған. Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты ерекше қадір тұтқан тұлға. Жұбанның ақындық даңқын көтеріп оның есіимін әлемге мойындатқан щығармасы «Мен қазақпын». Бұл туындысында ол лирика публицистикалық стильде қазақ халқының өткен өмірі тағдыры жайлы толғаныс жасады. Қазақтың ұлттық сипатының қалыптасу жолы оның ерлік дәстүрі рухының жоғарылығы елі мен жері оның байлығы адамдары жайлвы бейнелі пафосты жыр төкті.  әсіресе еліміз егемендік алған кезде қазақтығымызды оның азаттық жолындағы мың өліп мың тірілген күндерн еске алғанда Жұбан жыры тым жақын естіледі. Сол кездегі бұндай поэманы жазуы өліммен бірдей еді. Ол оның бірінші ерлігі.  Мен қазақпын деген бірауыз тақырыбының өзі бір поэманың жүгін көтеріп тұрды. Поэма 1964 жылы жазылған. 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде Жұбан Мен қазақпын идеясының жүзеге асқанын көзімен көргендей болған шығар. өйткені сол күндері жазушылар одағының залында өткен Колбин қатысқан жиналыста ол қазақ халқының ұлтшыл деген айып тағылуына алғашқылардың бірі болып соққы берді. Бұдан артық қайсарлық, бұдан артық ерлік керек пе? Ол өз халқының нағыз патриот ақыны екенін дәлелдеген болатын ақын Фариза Оңғарсынова. Жұбан молдағалиев есімі қоғамымыздың демократиялық тұсында шамшырақтай жарқырап халқына қызмет етіп оның поэзиялары қазақтың мәңгі өлместей мұраларына айналатыны сөзсіз. Ақынның 90 жылдық мерейтойында көптеген ақын-жазушыларымыздың Жұбан жырларының өмірге келуіне үлес қосып келеді. Жұбан ұлттық беті мол шығармаларында қазақтың ұлттық мінезі мен терең ашып бейнелейтін эпик ақын болып қалары сөзсіз.

 

Қазақ халқының біртуар перзенті Ж.Молдағалиевтің еліміздің бүгінгі болашағына сіңірген теңдессіз жанқиярлық еңбегі жалынды шығармалары қаламнан туған асыл мұралары арнайы зерттелуі тиіс. Жұбантану ғылымын дамыту одан әрі жандану қажет.

Үзілдік Елеубайқызы

Ақын, Жұбантанушы ұстаз

«Өлмес өмір - өшпес өнеге»

Сен келгенде ауылға жыр келетін

Жайлы бір жаймашуақ нұр келетін

Әзілге де шебер ең сөйлегенде,

Небір «айтқыштарым да» сыр беретін.

Мұңаймаймын, негіз жоқ мұным бекер,

Сен жетпеген жерлерге жырың жетер

Өмірімнің өзегі - өлеңдерің,

Сені ұмытпас туған жер –ұлы мекен,- деп Сағынтай ақын жырлағандай ақын елі Ақжайық өңірі Жұбан тойын бір жыл бұрын бастағаны анық. Оның куәсі аудан, облыстық ақпарат беттерінде жариялануда.

60 жасты атақты Бұқар жырау «қарттықтың шегі» деп бағалаған екен. Жетпісіне жете алмай, замана жүгін арқалаған азаматтың жүрегіндегі сызат өмірден ерте алып кетті. Осы жылдарға жете алмайтынын сезсе керек, Жұбан «Жастық шағым» атты өлеңінде былай дейді:

Қайда жастық, рас-ау, қашан қалды?

Қалай біздің арамыз қашаңдады?

Әрбір жылын соғыстың онға сайсақ,

жүз жасадым, одан да асам тағы.

Қалды жастық жол-соқпақ шатпағында,

Солтүстік-батыс майдан батпағында.

Қалды тал боп Беларусь орманында,

Одер, Нисса... өртенген бақтарында.

Мейлі жылдар мен үшін тоқтамасын,

Армансызбын, тағдырмен жоқ таласым.

Жалғасымсың сенемін, келер ұрпақ,

Ысырабы бар шығар жақтамассың.-деп өзі өміріне баға беріп, бүгінгі ұрпаққа аманат қалдырады.

Жұбан шығармаларының беттерін ақтарып отырып, оның азаматтық тұлғасына үнемі тәнті боласың. Ақын ылғи туған елі алдындағы перзенттік парызын мәңгі борышым деп есептейді. «Маңдайыма қанша жыл, қандай тағдыр жазғанын білмеймін, бірақ айқын білетінім:

Қарызбын қара нанға, тұзға, сүтке

Өтеймін қашан, қалай, кімге, немен?! деген жолдарды оқысаңыз қазақ өмірінің бүкіл болмысын осы жолдарға сыйдырғандай.

Бұл жолдарда адам баласына керекті «Обал. Борыш. Сауап» атты үш қасиетті аңғарамыз.

Елін сүйген азамат осындай-ақ болса керек деп сүйсінесің.

«Кіші Отан» атты өлеңінде:

Менің ауылым жапырақтай Жыланды,

Қыраным деп түлетеді ұланды.

Аққуым деп ұзатады қыздарын,

Бала дейді бүгінгі ақын Жұбанды.

 Кәрі ағаштың түбіндегі Сайқұдық,

Қанша ұрпақ өсті талып тай қылып.

Сенен артық ойладым ба жер бар деп,

Қарағанша сонда алғаш ай күліп.

 

Жоқ жаңа да, тарихи да ғажаптар,

Жақсылық көп, ол қайда да аз-ақ па

Атақты да, атақсыз да жоқ онда,

Бар кәдімгі, о, кәдімгі қазақтар.

 

Қарапайым қара өлеңнен туған жеріне деген ұлы махаббатты аңғартқан ақынның даладай көңілімен өзің де бірге шалқисың.

 

Жұбан ақынның екінші азаматтығы неде? Қанды майдан жорықтарында жүріп, Беларуссия жерінде «Отан үшін» атты қазақша газет шығаруы. Сол кездердегі қиындықты Жұбан ағамыз естеліктерінде былай жазған: «Айналып кетейін арызқойлар майданнан да табылады, газеттің алғашқы 2-3 номерін қып-қызыл қып сызып, саяси басқармаға жіберіпті, әсіресе тілін қатты сынапты. Тосыннан газет жасау, әсіресе тұңғыш әскери газет жасау, оның әскери тіл-терминін қалыптастыру қайдан оңай болсын?

Жау бомбасы астында, әскери блиндаждарда кеше жүріп, қолынан қаруы мен қаламын тастамаған ақын, қазақ жауынгерлерінің сағыныш хаттарымен жүрек жарды жырларын газет беттеріне жариялаудан шаршамаған. Соның арқасында қанша мақалалар мен хаттар осы күндерге дейін архивтерде сақталып, әлі күнге бауырын іздегендер осы газеттегі мақалалар арқылы туғандарын табуда. Жұбан ағамыздың «қазақ» атты өлеңі осы газетте жарияланып, кейін елге келіп Әбділда ағамызға көрсеткенде «Мынау өлеңің поэманың бастамасы ғой» деп баға алған өлең «Мен қазақпын» поэмасы болып 1964ж. өмірге келді.

Жұбан ақынның үшінші азаматтығы – оның поэмаларында. Егер поэмаларды сараптап оқысаңыздар, бүгінгі өмірмен байланыспайтын бірде-бір поэмасы жоқ. «Нұрлы жол» білімге ұмтылған елінің болашағы үшін еңбек етсем деген жас талапкер, бүгінгі Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасына дәл келсе, «Мен қазақпын» біртұтас қазақ халқының үш ғасырлық өмірін сараптап, тәуелсіздік алатын көкбайрағы аспанда қыранмен қатар қалқып, әлемге қанат жаятын қазақ елін суреттейді, «Байқоңыр баспалдағы» ғылым мен техникада өзге елдермен қатар тең өмір сүретін, ғарыштың мекенін дәлелдейтін біздің ел, «Қыран дала» поэмасы қазақи мейірімділік пен қонақжайлылық, «Туған жер» еліне деген ұлы патриоттық сезім мен халықтық тәлім-тәрбиені үйретеді.

Жұбан ақынның азаматтығы да, алыптығы да, ұлы қоғам қайраткері екендігін дәріптейтін кезі – 1986 жылғы оқиғасы. Ақұштап апамыздың «Ерлікті көзбен көрген күн» атты көлемді өлеңін оқымаған адам жоқ шығар. Жұбан ақынның залды кернеген даусы бейне ток зарядтары секілді тыңдап отырған адамдар арқасынан құмырсқа өткендей әсерде қалдырады. Оның жүрек дірілі, қолына ұстап тұрған қағаздың қозғалысынан көрінді. Колбинге айтқан әрбір қадау-қадау сөзі, әр адамның жүрегіне қазық қаққандай әсер етті.

60-тан асқан азаматтың көкірегіне өксік тығылып, көзіне жас алдырған өрімдей жастарының болашағы еді ғой, оның өмірінің тоқырауына да осы себеп болды. Оны Ақұштап апамыз:

4 жылына соғыстың төтеп беріп,

1 күніне желтоқсан шыдамадың.- деп дәл айтып берді.

Өзіңді өр қазақ деп жүрген кезде,

Білмеппіз жүрегіңнің нәзіктігін.- деп және баға берді.

Мен жерлесім, ақын ретінде Жұбан ағамен үш рет кездестім, алғашында тілдесе алмадым, екіншісінде 1978 жылы Есенсайға келін болып түскенімде үйімізге түсіп, қолынан шай құйып құрмет еттім, онда да ата-енем бар сөйлесе алмадым. Үшіншісінде, 1980 жылы Орал қаласында студентпін, қазіргі Островский атындағы орыс драма театрында кездесу өтті. Қадыр ағамыз бар, мен осыдан екі жыл бұрын Есенсайда атам Т.Абдешовтың үйінде шай құйып бергенімді, өзімнің Сайқұдықтан екендігімді айттым. Қадыр ағамыз әзілшіл ғой «Жұбаға Сайқұдық-Үзілдік деген ұқсас екен, бұл сіздің туғаныңыз болды ғой,-деді. Жұбан аға «қазір қайдасың» деп сұрады. «Мен студент екенімді, мұғалімдік мамандықты таңдағанымды айттым. Жұбан аға: «Ауылға бар, оқығандар ауылдан алыстап кетеді, еліңнің ертеңіне қызмет ететін мамандықты сүйген екенсің, бақытты бол айналайын, Есенсайда болғанымызда Гүлмирам ауырыңқырап, сіздерді азапқа салғанымыз бар, есіме түсіп тұр» деп, маңдайымнан сипаған-ды. Бұл менің Жұбан ағаны соңғы көруім екен. Міне, 40 жыл еңбегімді аға өсиетіне адал болып, әрі аманатқа қиянат етпей, туған ауылымда 28 жыл еңбек етіп келемін.

Біздің, келер ұрпақтың өмірі өнеге, өшпейтін мұраға айналар осындай ағаларымыздың ісін алға апару бағытында біраз игі істер жасап жатырмыз. Өзімізден кейінгі ұрпақтардың да ақын мұрасын зерделеп, айрықша қастерлеуі, одан үнемі ұлағат алуы, әсіресе жерлестері «дарабоз бір бәйтерек» деп құрмет тұтатын дара туған талант иесі Жұбан ақынның есімі мәңгі жасай беруі үшін, сіздердей еңбек адамдарының иығына үлкен жүк бар екенін сезінейік ағайын.

Той-тойға ұлассын!

Тыңдағандарыңызға рахмет!

 

«Оқитын ел –озық ел»

Р.С.Мусагалиева

ОКЖ директоры

Білімнің бір жауы бар, оның аты   кітап оқымау дейміз,  оның себебін айтып жатудың да  қисыны жоқ.

«Көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі» деген екен заманымыздың данышпаны, талай құнды кітаптардың авторы Мұхтар Әуезов.

Кітап кәріліктің ең жақсы досы, жастықтың ең сабырлы ,сенімді жетекшісі. Кітап оқымаған кісі  ой тұңғиығына  үңілу қабілетінен айырылады.Ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыратын, әр ұрпақ келесі ұрпаққа өзінің өсиетін, ақыл кеңесін қалдыратын, рухани шөліркеуді басар кітапты насихаттау, оқуды насихаттау бағытында заманына қарай  әр түрлі шаралар ұйымдастыру  қолға алынуда. Соның бірін айта кетсем осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан халық жазушысы,  ақын Фариза Оңғарсынованың  Ұлттық академиялық кітапхана мен Кітапханашылар қауымдастығының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігі «Бір ел -бір кітап» акциясын жариялады.

Қазақ әдебиетіндегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, кітап оқуды дамыту, рухани мұраны сақтап, жастарды отансүйгіштікке, білімге тәрбиелеу негізгі мақсаты болған акцияның бірінші жылы Ұлы Абай Құнанбаевтың  «Қара сөздері», М.Әуезовтың «Қилы заман», М.Жұмабаевтың лирикалық шығармалары таңдалып, өз нәтижелеріне жеткен болатын.   Биыл да кітапханашылар мен оқырмандар тарапынан бірнеше  ұсынылған шығармалардың ішінен «Бір ел -бір кітап» акциясының биылғы кітабы ретінде қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы таңдалды.

Акцияның  тарихына тоқталсақ:

 «Бір ел -бір  Чикаго» сияқты жобаларға негізделген.Онда бүкіл қала тұрғындарын  бір шығарманы бір уақытта оқуға және оны ұжым болып,  отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу орындары, мекемелерде, кітап дүкендерінде басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандырады.   Сонымен бірге ол шығарманы  талқылайтын басқа да  оқитын, білім алу, ағарту сияқты шараларды, соның ішінде, көрмелерді ұйымдастыру, фильм көрсету,  университеттер мен  мектептерде арнайы оқу курстарын жүргңзу, Елдің белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерімен кездесу ұйымдастыруды қамтиды.Бұл шараны ұйымдастырушылар сауаттылық пен оқуды қолдаудағы жалпыұлттық бағдарламаның ең басты бөлігі деп санауда.

2007 жылы Астана қаласында өткен халықаралық   оқу конгресіне  қатысып, ондағы  көптеген елдерден келген , бірақ мақсаттары бір   әлем  халқы болып,   оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы  көптеген   мәселелерді  тыңдап  , өзіме  және әріптестеріме сабақ алып келгенім зор қуаныш екенін айтқым келеді. Сол тәжірибеден түйген ойлардан туған  көптеген шаралардың    біздің кітапханамызда  өтуі де  соның бір айғағы,       

МЫС:  Ж.Молдағалиевтің   «Мен қазақпын » поэмасының 45 жылдығына орай  былтырғы жылы көптеген шаралар соның ішінде ..........«Жұбан жырын жаттайық» аудандық байқауы,

.......... «БІР ауыл -Бір кітап » байқауы 

(Н.Келімбетовтің»Үміт үзгім  келмейді», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша»,  Мира Шүйіншәлиеваның «Шүберек қуыршақ» кітаптарын ) ауыл болып оқып, оның қорытындысы ретінде орталықта  әртүрлі шара  бағытында  талқыланған болатын.  Мен  тек кітапханада осындай ұйымдастырылған бірен-саран шаралардың  нәтижесінде қаншама оқырман   көптен бері ұмыт болған кітаптарымен қауышып, қаншама  оқырман   тек қана аудиторияға қатыса отырып  мазмұны терең   рухани  әңгімелердің куәсі  болып, көптеген оқырман   өткізілген шаралар арқылы   Ж.Молдағалиевтің   өлең  жолдарын жатқа  айта білуі.

Заманның қиын қыстау кездерін бастан кешкен аға ұрпақ өкілдерінің аузынан «Адам аштыққа шыдағанмен, шөлге шыдамайды» деген сөзді естігенім бар еді. Адамның рухани жұтаңдануы осы шөл азабын еске салады. Абай хакім: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қос», дейді. Ал жаны жадауланған адамның махаббатқа әр беретін, аялайтын адамгершілік, мейрімділік сезімдерінен де алыс болатыны аян. Жеке адамдардың бойындағы осы көріністің қоғам дамуына әсері болары сөзсіз.Жан дүниесі бай адамнан жақсы маман да шығары  кәміл, ал өз ісін жетік білетін маман  бойында адамгершілік құндылықтар  кемшін болса ше Әдебиет пен өнер болмаған жерде адамзат та рухани  ашығады, шөлдейді, экологиялық апатқа ұшыраған  өңірдей   өмірдің мәні де сәні де кетіп  үміт сөнеді. .Ендеше адамзат тарихында жазу- сызу басталғалы кітап кәусәр бұлақтай адамның рухани сусынын қандырып, жанын байытып келе жатқан  құндылық .  

Сөзімді қорытындылай келе  «Оқитын ел -озық ел» демекші,  бәріміз бірлесе отырып,  кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында бірлесе жұмыстанайық дегім келеді

Тыңдағандарыңызға   рахмет!

 

 

 

18 тамыз 2010 жыл.

 

«Жұбан –ақын, азамат, қоғам қайраткері»

Танымдық практикалық конференцияның өту сәтінен көріністер.

 

 

 

«Ұлықтайды Жұбанын, ұмытпайды туған ел»

 Кітап көрмесінің жобасы

 

1-бөлім. «Өргелең өмір, өшпес өнеге»

Дәйексөз:      «Біздің қадірлі жерлесіміз Жұбан Молдағалиев - ақындық жағынан да, азаматтық жағынан да ел тарихында биіктен көрінген, халқының сый-құрметіне бөленген қайраткер»                                                                                                   Қ.Жақыпов              

  • Жұбан Молдағалиев //Батыс Қазақстан облысы : энциклопедия.-Алматы, 2002.-396 б.
  • Жұбан Молдағалиев //Қазақстан: ұлттық энциклопедия.Т.6.-Алматы, 2004.- 542-543 б.
  • Жұбан Молдағалиев (1920-1988) //Қазақ әдебиетінің тарихы. Т.9: Кеңес дәуірі.- Алматы, 2005.-398-430 б.
  • Джубан Мулдагалиев // Писатели Казахстана.-Алматы,1982.-С.160
  • Жұбан Молдағалиев (1920-1987) : өмір жолы мен шығармашылығы // Екі мыңжылдық дала жыры/ бас ред.Ә.Нысанбаев.- Алматы, 2000.- Б.415-418
  • Шәкимов М.Ғұмырымдағы көрікті бір күндерім: Жұбан ағаның туған жерге сапары // Жайық таңы.- - 24 маусым.- Б.5.

 

2-бөлім. Өлеңде де, өмірде де Жұбан ақын

Дәйексөз:      «Іздесе мені кімде-кім,

                        Шырағдан етсін жырымды.

                        Жырымның жайса өрмегін,

                        Табар да ұғар сырымды.

                                                           Ж.Молдағалиев. «Жыр туралы жыр» поэмасы

  • Азамат үні: Жұбан поэзиясы туралы //Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-Алматы 1968.-170-207 б.
  • Жемісті жолда: Жұбан Молдағалиев шығармашылығы //Нарымбетов Ә. Дәуір және поэзия.-Алматы,1970.-3-118 б.
  • Жұбан аға туралы ой //Жәнібеков Ө. Тағдыр тағылымы.-Алматы,1997.-57-64б.
  • Ұлы көш, ұлы серпін: Жұбан шығармашылығы туралы // Қаратаев М. Бетбұрыс белестері: мақалалар, эссе, портреттер (1985-1995).- Алматы, 2005.- 9-16 б.
  • Жұбан Молдағалиев : шығармашылығы // Қирабаев С. Тәуелсіздік рухымен.-Астана, 2002.-293-301 б.
  • Лирик ақын, эпик жыршы : Жұбан поэзиясы туралы // Қаратаев М. Көргенім мен көңілдегім.-Алматы, 1982.-149-156 б.
  • Әдебиеттану және сын: Ж.Молдағалиевтің Ұлы Отан соғысы туралы шығармашылығы // Базарбаев М. Қаһарлы күндер әдебиеті.- Алматы, 1968.- 107-112 б.
  • Нарымбетов Ә. Қазақ совет поэмасы: Жұбан Молдағалиевтің Ұлы Отан соғысы туралы шығармашылығы.-Алматы: Ғылым, 1977.-240 б.
  • Әлем әдебиеті кітапханасы: Жұбан шығармашылығы туралы // Сәтбаева Ш. Достық дастандары: зерттеулер, мақалалар.- Алматы, 1983.- 185-200 б.
  • Уақыт және қаламгер: Ж.Молдағалиев шығармашылығы туралы.-Алматы : Жазушы, 1984.- 202 б.
  • Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ поэзиясы. 1941-1945 : Жұбан шығармашылығы туралы // Базарбаев М. Ерлік пен еңбек дастаны .- Алматы , 2005 .- Б.9-96,98-130
  • Бастау: Жұбанның патриоттық шығармалары туралы //Тәжіғұлов С. Хамит Ерғалиев.-Алматы:Жазушы,1983.-6-22 б.
  • Қаһарман халық, байсалды басшы : Ж.Молдағалиевтің елдік пен ерлік туралы шығармалары // Мырза Әлі Қ. Сөз сиқыры : жыр туралы кітап.- Алматы, 1982.-Б.177-184
  • Мұсаев А. Өлең өзегі-өршіл рух : Жұбан шығармашылығындағы отансүйгіштік // Өлеңде де, өмірде де Жұбан ақын. Ақиқатын айтқан айбарлы ақын.- Орал, 2000.-Б.52-57
  • Кенжеғалиев М. Кең тынысты эпик ақын :Жұбан шығармашылығы туралы // Өлеңде де, өмірде де Жұбан ақын. Ақиқатын айтқан айбарлы ақын.- Орал, 2000.-Б.61-68
  • Күнсіздерге күн болған : Жұбан достық туралы жырлайды // Мырза Әлі Қ. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. Т.13.-Алматы, 2005.-Б.98
  • Жұбан Молдағалиев : туған жер туралы шығармалары // Қайырбеков Ғ. Алыс та жақын жағалау: 2-кітап.- Алматы, 2006.-Б.108-115
  • Қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиеті.Поэзия : Жұбан ақын елдік пен ерлік туралы // Мақпырұлы С. Қазақ әдебиеті.2-бөлім.-Астана,2007.-Б.235-240
  • Ақ жалын : Жұбан шығармашылығы туралы // Сарбалаұлы Б. Бес мүшел. Т.2 : әдеби эссе, сын мақалалар.-Алматы, 2009.-Б.56-64
  • Арналы ақын: соғыстан кейінгі жылдары ел өмірінің өзекті мәселесін жырлаған Жұбан ақын //Сүйіншәлиев Х. Ізденіс іздері.-Алматы, 1975.- 195-202 б.
  • Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ поэзиясы: Жұбан поэзиясы туралы // Базарбаев М. Қаһарлы күндер әдебиеті.- Алматы, 1968.- 11-82 б.
  • Ерлік күрес шежірелері: Жұбан поэзиясы туралы //Сүйіншәлиев Х. Саңлақтар сарабы: әдеби зерттеулер.- Алматы, 1978.- 183-213 б.

 

3-бөлім: «Еншісін елден бөлмеген»

Дәйексөз:      «Жұбан мұрасы – келешекте де жұртшылық кәдесіне аса

беретін аса құнды мұра, ол жылдар озған сайын бүкіл бітім-болмысымен, мәнімен де, нәрімен де жарқырай түсетін асыл қазына»

С.Сейітов

  • Молдағалиев Ж. Бастаушымыз партия.- Алматы: Қазмемкөркемәдеб баспасы, 1954.-75 б.
  • Молдағалиев Ж. Таңдамалы шығармалар. Т.1: өлеңдер.-Алматы :Көркем әдебиет, 1970.-Б.255
  • Молдағалиев Ж. Поэмалар.-Алматы: Көркем әдебиет,1960.-Б.129
  • Мулдагалиев Д. Песня не умирает : стихотворения и поэмы.-М.:Сов.писатель,1960.-С.91
  • Молдағалиев Ж. Жесір тағдыры : поэма .-Алматы : Қазмемкөркемәдеббас, 1961.-Б.124
  • Молдағалиев Ж. Заман тынысы : поэма және өлеңдер.-Алматы:Көркем әдебиет, 1963.-Б.68
  • Мулдагалиев Д. Судьба вдовы : поэма.-Алма Ата :Жазушы,1964.-С.116
  • Молдағалиев Ж. Жиырма бес: дастандар мен өлеңдер.-Алматы:Жазушы, 1965.-Б.408
  • Мулдагалиев Джубан. Байга.-М.:Худ.литер., 1966.-С.149
  • Молдагалиев Ж. Айттым сәлем .-Алматы:Жазушы,1967.-Б.124
  • Мулдагалиев Д. Годы в песнях: стихи и поэма.-Алма-Ата: Жазушы,1967.-С.380.
  • Мулдагалиев Д. Степной загар: стихи и поэмы.-М.:Сов.писатель, 1969.-С.182.
  • Молдағалиев Ж. Кісен ашқан.-Алматы:Жазушы, 1969.-Б.77
  • Мулдагалиев Д. Века и мгновенья : стихи и поэмы.-Алма Ата :Жазушы, 1969.-С.120
  • Мулдагалиев Д. Избранная лирика.-М.:Мол.гвардия.1969.-С.32
  • Молдағалиев Ж. Таңдамалы екі томдық.Т.1 : өлеңдер.-Алматы:Жазушы, 1970.-Б.384
  • Молдағалиев Ж. Таңдамалы екі томдық.Т.2 : поэмалар.-Алматы:Жазушы,1970.-Б.344
  • Мулдагалиев Д. Тебе: стихи и поэмы.-Алма-Ата: Жазушы,1971.-С.88.
  • Мулдагалиев Д. Избранное / Пер. с казахского.-Алма-Ата: Жазушы, 1972.-С.530.
  • Мулдагалиев Д. Простор : избранные стихи.-М.:Правда,1972.-С.30
  • Мулдагалиев Д. Стихотворения и поэмы.-М.:Худож.лит., 1972.-С.222
  • Молдагалиев Ж. Қызыл қайың:өлеңдер.-Алматы:Жазушы,1973.-Б.172
  • Молдағалиев Ж. Қыран дала: дастан және өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1974.-Б.88
  • Мулдагалиев Д. Высокие полдни : стихотворения и поэмы.-М.: Воениздат,1974.-С.134
  • Мулдагалиев Д. Дойду до горизонта: новые стихи и поэмы.-Алма-Ата: Жазушы, 1976.-С.288.
  • Молдағалиев Ж. Байқоңыр баспалдақтары: дастан және өлеңдер.-Алматы: Жазушы,1977.-Б.140
  • Молдағалиев Ж. Самал : хикаялар.-Алматы: Жазушы, 1978.-Б.163
  • Мулдагалиев Д. Живу с любовью: избранные стихотворения и поэмы.-М.: Худож.лит., 1978.-С.364.
  • Молдағалиев Ж. Шалқыма: Өлеңдер.-Алматы : Жазушы, 1978.-Б.152
  • Молдағалиев Ж. Ескі дос: Роман.- Алматы: Жазушы, 1979.-Б.244
  • Молдағалиев Ж. Шығармалар жинағы. Т.1 : өлеңдер.-Алматы : Жазушы, 1979.-Б.688
  • Мулдагалиев Д. Высь: поэмы и стихотворения.-Алма-Ата: Жалын, 1979.-С.152.
  • Мулдагалиев Д.Сель: поэмы.-М.:Сов.писатель, 1980.-С.141.
  • Молдағалиев Ж. Шығармалар жинағы. Т.2 : поэмалар.-Алматы : Жазушы, 1980.-Б.430
  • Молдағалиев Ж. Шығармалар жинағы.Т.3: публицистика, очерктер, әдебиет туралы толғаныстар.-Алматы:Жазушы, 1981.-Б.440
  • Молдағалиев Ж. Жыр күнделіктері : таңдамалы өлеңдер.-Алматы : Жалын, 1981.-Б.256
  • Мулдагалиев Д. Голос любви: стихи и поэмы.-М.: Сов.писатель, 1981.-С.238.
  • Мулдагалиев Д. Звезда поколения : стихотворения и поэмы.-М.:Мол.гвардия, 1982.-С.158
  • Молдағалиев Ж.Таза бұлақ: роман.-Алматы: Жазушы, 1984.-Б.344
  • Молдағалиев Ж. Ақ жалын : өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы,1985.-Б.136
  • Молдағалиев Ж. Елі суреттері : әңгімелер.-Алматы: Жалын,1986.-Б.352
  • Мулдагалиев Д. Избранные произведения: В 2 т.: Т.1.- М.: Худож.лит., 1986.-С.365.
  • Мулдагалиев Д. Избранные произведения: В 2 т.: Т.2.- М.: Худож.лит., 1986.-С.350.
  • Мулдагалиев Д. Сердце оттепели: стихи, поэмы.-М.:Сов.писатель, 1988.-С.333.
  • Мулдагалиев Д. Памятные рубежи: стихотворения и поэмы.-М.: Воениздат, 1990.-С.319.
  • Молдағалиев Ж. Қыран дала: дастан және өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 1990.-Б.584
  • Молдағалиев Ж. Жомарт жүрек : деректі повесть.-Алматы:Өнер,1990.-Б.208
  • Молдағалиев Ж. Шығармалар жинағы. Туған жер тынысы: екі томдық: Т.1.-Орал, 2000.-295 б.
  • Молдағалиев Ж. Шығармалар жинағы. Азаматтық әуендер: екі томдық: Т.2.-Орал, 2000.-239 б.
  • Мулдагалиев Жубан. Я – казах!- М.: Русская книга,2003.- С.192
  • Молдағалиев Ж. Мен қазақпын: өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Раритет, 2007.-Б.240
  • Молдағалиев Ж. Мен қазақпын!-Орал:Ағартушы, 2009-348 б.

 

4-бөлім.         «Ұлықтайды ақынын, ұмытпайды туған ел»

Дәйексөз:      «Елін ерлікке, бірлікке үндеген, қаһарман халқымыздың қастерлі тарихын жырлап, содан үлгі алуға шақырған ақын».

М.Кенжеғалиев

  • Құсайынұлы Н. Ардақты азамат : Ж.Молдағалиевтің 80 жылдығы // Орал өңірі.-2000.-11 наурыз.-Б.3
  • Мақымұлы А. ...Мен оған өле-өлгенше ризамын : Ж.Молдағалиевтің 80 жылдығы қарсаңында //Орал өңірі.-2000.-30 тамыз.-Б.6
  • Шүйіншәлиева М. Жырыменен тербелткен туған елін : ақын, қоғам қайраткері Ж.Молдағалиевтің 80 жылдық мерейтойынан // Орал өңірі.-2000.-11 қазан.-Б.2
  • Иночкин В. «Стихи-как песня», или о чем говорят документы : 80-летие поэта // Приуралье.-2000.-9 сентября.-С.2-3.
  • Демеуғалиева Н. Жырлайды Жұбан ақын : Жұбанның 80 жылдығы // Орал өңірі.-2000.-15 шілде.-Б.2
  • Құбашев У. Ұлтжанды ер еді : ақынның 80 жылдығы // Жайық таңы.-2000.-14 қазан.-Б.2
  • Жұбан тойы – Ақ Жайықта : ақынның 80 жылдығы // Орал өңірі.-2000.-7 қазан.-Б.1
  • Қуаныш қуанышқа ұласты : Ж.Молдағалиевтің туғанына 80 жыл //Жайық таңы.-2000.-14 қазан.-Б.2
  • Құсайын Т. Жайықтағы Жұбан күндері : ақынның 80 жылдығы // Егемен Қазақстан .- 2000 .- 10 қазан.-Б.1-3.
  • Елеубайқызы Ү. Патриотизмді Жұбан жырларынан неге үйренбейміз? : Ж.Молдағалиевтің туғанына - 85 жыл // Жайық таңы.- 2005.- 1 қазан.- Б.2
  • Елеубайқызы Ү. "Туған жерді анам демей не дейін!" : Ақын Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдық тойы алдындағы ой // Орал өңірі.- 2009.- №108, 26 қыркүйек.- Б.6.
  • Есбек Б. Жайықтың Жұбаны  оның 90 жылдығы да жақын  // Жайық таңы.- 2009.- 26 маусым.- 3-бет.
  • Нұркашев М. Ақын атамыздың аманатына адалмыз: Қарауылтөбе ауылы мектебінде Жұбан Молдағалиевтың 90 жылдығына орай "Ана тілің - арың бұл" деген тақырыпта апталық өтті // Жайық таңы.- - 23 қазан.- Б.3
  • Елеубайқызы Ү. Атажұртты сағынып жететін еді Жұбағаң : Жұбан-90 // Жайық таңы.- 2009.- 28 тамыз.- 4-бет.
  • Есқалиев Б. Тоқсан жылдықтың жарқылы : Ж.Молдағалиевке 90 жыл // Орал өңірі.-2010.-10 шілде.-Б.4
  • Бисенғалиев С. Жайыққа Жұбан жылы келді:Жұбан Молдағалиевтің туғанына-90 жыл / С. Бисенғалиев // Жайық таңы.- 2010.- 2 қаңтар.- 4 бет.
  • Қуатов Б. Ақынға шабыт сыйлаған : Ж.Молдағалиевтің 90 жылдығына орай // Жайық таңы.-2010.-27 мамыр.-Б.7
  • Жақсыбаев Д. Ақжайықтың тұмары, жасын жырдың Жұбаны : Жұбан Молдағалиев-90 // Жайық таңы.- 2010.- 21 қаңтар.- 5 бет.
  • Керей-тегі Ә. Қазағының арманы мен намысы : Жұбан-90 // Жайық таңы.- 2010.- 25 наурыз.- 4-бет.
  • Тілепқалиева А. Алғабастағы оқулар: [Ж.Молдағалиевтың 90 жылдығына орай] // Жайық таңы.- 2010.- 1 сәуір.-Б.12.
  • Ақын рухымен сырласу : [Ақжайық ауданында облыстық Жұбан оқулары өтті] // Айна.- 2010.- 27 мамыр.- Б.2
  • Жақсығалиев Н. Жырларын жаттаймыз : Жұбан Молдағалиевтың 90 жылдығы қарсаңында // Жайық таңы.- 2010.- 4 наурыз.- 7-бет.
  • Танабаева С. Жүректе жарқын бейнесі.-Жайық таңы.-2010.-17 маусым.-Б.4
  • Жардекова С. Жұбан ағаны оқиық: [Ж.Молдағалиевтің 90 жылдығына орай] // Жайық таңы.- 2010.- 8 сәуір.-Б.12.
  • Жұбан тойы басталды : Атақты ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Молдағалиевтің 90 жылдығына орай шаралар ұйымдастырыла бастады. // Орал өңірі.- - 14 қаңтар.- С.3.
  • Игілік Ж. "Ақын туған топырақсың, сондықтан, той салмағы Сенде екенін ұмытпа!" : Жұбан-90 // Жайық таңы.- 2010.- 8 шілде.- Б.4.
  • Ильясова А. Көркемсөз оқу байқауы : Жұбанның 90 жылдығына // Жайық таңы.- 2010.- 6 мамыр.- Б.2.
  • Сағиқызы С. Мақтанады ауыл-елі Жұбанымен : Ж.Молдағалиевке 90 жыл //Жайық таңы.-2010.-29 сәуір.- Б.8.
  • Сағынтайұлы Т. Жақұт жырлар -ұрпақ жүрегінде : [Чапаев ауылында өткен Жұбан оқулары] // Жайық таңы.- - 20 мамыр.
  • Жазықбай Т. Жұбан бейнесі – Ақұштап жырларында // Айна.-2010.-22 шілде.-Б.8
  • Зиноллиев Н. Жұбан атама // Жайық таңы.-2010.-22 шілде.-Б.5
  • Сыикова Р. Гордый казах по имени Жубан //Приуралье.-2010.-29 июля.-С.12-13
  • Балмолда М. Ақын көп, Жұбан – алып шың // Жайық таңы.-2010.-12 тамыз.-Б.6
  • Ж.Молдағалиевқа «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы : БҚО мәслихатының шешімі, №23-7, 30.07.2010ж. // Жайық таңы.-2010.-12 тамыз.-Б.1
  • Шамұратов М. Жұбаным, деші, Жайығым! // Орал өңірі.-2010.-12 тамыз.-Б.8-9

 

Мемлекеттік рәміздер

Директор блогы

Мусағалиева Роза Сакенқызы

Блогқа өту

Баннерлер

  • 01
  • 02
  • 03
  • 04

Жол жүру сұлбасы

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы, Қонаев көшесі 73 үй
ДС-ЖМ 09:00-18:00