Николай Майданов 1956 жылдың ақпан айында Сырым ауданының Тасқұдық ауылында дүниеге келген. Кейін Майдановтар отбасы Теректі ауданының Шағатай ауылына қоныс аударған. Чапаев ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Орал қаласында көлік жүргізуші курсын тәмамдап, ауылда еңбек етті. Бұдан соң әскер қатарына алынып, Германияда әскери борышын өтейді. Әскерден оралған соң, жоғары әскери ұшқыштар училищесінде оқып, өмірін түгелдей әскери салаға арнаған. Николай Сайынұлы 1988 жылғы Ауған еліндегі бір ұрыста толық қоршауда қалған арнаулы жасақ жауынгерлерін және оларды құтқаруға барып, құлап түскен екі тікұшақтың экипажын қайнаған оқ пен оттың ортасынан алып шығады. Бұлар барлығы 46 адам еді. «МИ-8» тікұшағының техникалық мүмкіндігі тау ішінде 12 адамнан артық алуға қауқарсыз болғанымен, Н.Майданов қаруластарының ешбірін қалдырмай, құрсаудан алып шыққан. Ол Ауған жерінде әскери тапсырмамен 1250 мәрте ұшып, 1100 сағат әуеде болған. Оның тәжірибелілігі мен асқан шеберлігіне сенген басшылық кез келген уақытта авиация полкі жетекшілігінің келісімінсіз көкке көтеріліп, тау арасын барлауға, жау күштеріне қарсы ұрыс жүргізуге рұқсат алған. Ауған жеріндегі ерлігі үшін оған 1988 жылы 29 шілдеде Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ал 2000 жылдың 28 қаңтарында ол Ресей Федерациясы құрамындағы Шешен Республикасында орын алған қақтығыстарда, Арғын шатқалындағы ұрыста көрсеткен екінші ерлігі үшін қайсар қазаққа «Ресей Федерациясының Батыры» атағы беріліпті. Полковник Майданов, бүкіл Кеңес Одағындағы ең үздік әскери ұшқыштардың бірі, 1992-93 жылдары Тараз қаласындағы 157 тікұшақ полкінің құрамындағы эскадрилияның командирі болған. Одан кейін полк командирінің орынбасары, полк командирі болып 1994 жылдың қараша айына дейін қызмет етіпті. 1994 жылы Майданов Ресейге барып, бірден Ленинград әскери округіне қарасты 30-корпустың 172 жеке әскери тікұшақ полкінің командирі атанады. «Ер есімі – ел есінде» демекші, тарихқа тағзым бәріміз үшін тағылым, келер ұрпаққа аманат іспетті. Ауған соғысы әскердегі боздақтарды бір-біріне жақын, бауырмал болуға, бірін-бірі қорғауға үйретті. Жерлесіміздің бойында қазақы қанмен сіңген қасиет бұрыннан да бар-тын. «Балам дейтін жұрты болмаса, Елім дейтін бала қайдан шықсын» деген. Бүгінгі күні «ұлым», «ерім», «арысым» деп еске алып, оның батырлығы мен батылдығын көпке үлгі етеміз. Қазақтың қайсар ұлдарының бірі Николай Сайынұлы Майдановтың рухына тағзым етеміз.