1917 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Өлеңті ауылында дүниеге келген. Қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым. 1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмәмдаған. 1941–1947 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Соғыстан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып істеген. Филология ғылымының кандидаты. Тырнақалды өлеңі 1936 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланған. Тұңғыш жинағы 1951 жылы «Большевиктер» деген атпен жарық көрген. Содан бері қазақ, орыс тілдерінде қырықтан астам кітабы басылып шыққан. Бірқатар оқулықтар және «Қырық жылда» (1957), «Әдебиеттер достығы» (1965), «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі» (1966), «Тоғысқан толқындар» (1974), «Туысқандық туғызған» (1979), «Өлең өлкесінде» (1984), «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» (1985) атты монографиялар мен әдеби зерттеулердің авторы. Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.