1935 жылы 30 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданына қарасты Қурайлысай ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, әзіл-сықақтың хас шебері, аудармашы. 1960 жылы Алматы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген. Біраз уақыт «Доссор» кәсіпшілігіндегі мектеп - интернатында, Ақжайық ауданының Талап мектебінде неміс тілінен сабақ берген. 1967 - 1971 жылдары Қазақ радиосының әдебиет редакциясында редактор, бөлім меңгерушісі, 1971 - 1974 жылдары Өзен геологиялық барлау экспедициясында жұмысшы, 1974 - 1977 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлық коллегия редакторы, 1977 - 1980 жылдары республикалық кітап саудасы бірлестігінің жарнама және насихат бөлімінде редактор, «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Кітап жаршысы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс жасаған. М.Е.Салтыков - Щедриннің «Бір мұжық екі генералды қалай асырады» ертегісін, Отто Шнайдерайттың «Иоганн Штраус және көрікті көгілдір Дунайдағы қала» деректі повесін, басқа да туындыларды қазақ тіліне аударған. С.Еркебаевтың «Алғашқы адым» , «Жолдар меншақырымдар», « Жарылған бүр», «Ауыл кештері», «Менің Қожанәсірім келді де…», «Жел өтінде» атты шығармалары жарық көрді.