1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін бітірген. 1966 - 1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971 - 1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972 - 1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975 - 1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор болған. «Өрімтал» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. «Наз» (1969), «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» жинағы жарық көрді. С.Капутикян, В.Тушнова, А.Ахматованың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. ҚР Мемлекеттік сыйлығы және Отан орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.